+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (707) 888 02 16
19.03.2018 в 14:52

Астанадан кейінгі «Ақылды қала» - Қостанай

Биыл Қостанай «ақылды қала» мәртебесін иемденбек. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында облыс орталығында барлығы 54 жоба іске қосылады. «Смарт Сити» жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының алты бағытын қамтиды. Қазірдің өзінде ілкімді ілгерілеу байқалады, мәселен, полиция қызметкерлері заманауи технологияларды қызмет бабында қолданады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша әр өңірге жеке дара бағыт ұсынылған. Мәселен, Қостанай облысына еліміздің экспорттық әлеуетіндегі азық-түлік өнімдерінің 30 пайызы тиесілі, яғни ауыл шаруашылығын цифрландыруға екпін қойылған. Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Бейсембаевтың айтуынша, өңірдегі бір қатар шаруа қожалықтары «ақылды» технологияларды кеңінен қолданады. Мәселен, дән сіңірілген алқаптардың мониторингі, агронавигация,  ірі қара және жылқыларға арналған радио-таңба, gps-чип секілді тың дүниелер облыс шаруалары үшін таңсық емес. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша биыл ірі шаруа қожалықтары мен жоғары оқу орындарын жұмылдыру межеленген.

Үстіміздегі жылы астықты атыраптың «астанасы» Қостанайға «ақылды» қала мәртебесі беріледі. «Смарт Сити» жүйесін енгізу ақпан айының соңын ала басталып кеткен. Осы жылғы межеге сәйкес, қаладағы көше жарығы мен бағдаршамдарды автоматтандырылған жүйемен басқару қолға алынады. Бұл жұмыс әуелі әуежай, сапаржай және темір жол вокзалын қала орталығымен байланыстыратын күре жолдарды қамтиды. Сондай-ақ, ілкімді технологиялар коммуналдық қызмет түрлеріне де енгізіледі.

«Қазіргі уақытта су және жылу құбырларын жаңғыртуды қолға алдық. Осы ретте электронды карталарды енгіземіз, яғни «Қостанай-Су», «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» мекемелері және біз апат тіркелген жерді дереу әрі нақты анықтайтын боламыз. Сондай-ақ, аталмыш мобильді қосмшалардың арқасында үйлердің есептегіштерінің көрсеткіштері де көз алдымызда тұрады. Бұл өз кезегінде абоненттік қызмет түрін әлдеқайда жеңілдетеді, — дейді Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. —  «Ақылды» қала бағдарламасының аясындағы бағдаршамдарға тоқталатын болсақ, нәтижесінде жол бойларындағы көлік кептелістері азайып, көліктердің кідірісі 15-30 пайызға төмендейді. Бүгінде бұл ретте «МСервис КСТ»  ЖШС құны 40 млн теңге болатын келісім-шарт жасалды. Үстіміздегі жылдың мамыр айының соңына дейін бағдаршамдардың автоматтандырылған жүйесін қалалық әкімдіктегі диспечерлік пунктпен байланыстыру жоспарланған».  

Ал тұрғындардың қолайына орай смартфондарға арналған «Смарт Қостанай» тегін қосымшасы іске қосылады. Бұл қосымшада қаланың әр тұрғыны коммуналды және шұғыл қызмет түрлерінің сапасына баға береді. Бұдан бөлек, қосымшадағы «қызмет түрлері» баптауында қаладағы барлық қоғамдық маршруттарға қатысты толық дерек көрсетіледі. Ол үшін аялдамаларда орнатылатын QR-кодты сканерлеу қажет. Айа кету керек, бұл заманауи қызмет түріне алғашқы болып Астана қосылса, Қостанай екінші болып игілігін көрмек.

«Кез келген азаматтың беймәлім қалаға сапарлап келгенінде дағдарып қалары сөзсіз, яғни қай маршруттың қайда баратынынан, рухани-мәдени, әкімшілік орталықтардың қайда орналасқанынан бейхабар болады. Ол жағы айтпаса да түсінікті. Сондықтан, іске қосылатын қосымша қала меймандарының оң жамбасынан келмек, нақтырақ айтсақ, бұл арқылы қонақ үйден жатын бөлме жалдау, шаһардың шырайлы жерлерімен танысу, басқа да қызмет түрлерімен байланысу деген секілді көптеген шаруаны бір демде тындыра алады. Сондай-ақ, қаланың негізгі нысандары, яғни әлеуметтік инфрақұрылымға жататын мектеп, балабақша, дәріханалар барлығы осы қосымшада қолжетімді болады», — деп түсіндірді ІТ-сәулетші Виталий Пустовойтенко.

«Ақылды» қала жобасының аясында QR-кодтар көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға да орнатылады. Оның көмегімен әрбір азамат ғимараттың қай жылы бой көтергенін, пошталық индексін анықтап қана қоймай, сол мөлтек ауданда қызмет көрсететін учаселік полицей мен дәрігердің аты-жөнін біле алады. 

«Тиісті мекеме басшыларымен арнайы жыйын өткіздік, — деді Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. — Жобаның құны 18 млн теңге көлемінде екені белгіленді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін 1 100 көп қабатты үйлер мен мемлекеттік және әлеуметтік нысандарды арнайы QR-кодтқа арналған тақтайшалармен қамту жоспарланған».

Қостанайдағы полиция қызметкерлері заманауи «ақылды» технологияларды бүгінде кеңінен қолданады. Облыс орталығында жылдамдық өлшейтін жаңа құрылғылар іске қосылды. «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешенінің сегізі шаһардағы көлік қозғалысы ережесін бақылайды. Аталмыш кешен жол қозғалысы ережесі бұзылған жайттарды автоматты түрде тіркейді, тіпті полицейлердің қатысуынсыз қолды болған көліктерді анықтай алады.

«Мұндай заманауи кешен бізде бұрын-соңды болған емес. Мәселен, жол ережесін бұзған немесе ұрланған көліктің деректері базаға енгізіледі. Кешеннің бейнекамерасы тіркелген көлікке қатысты заң бұзушылықты дереу анықтап, дабыл қағылады. Дабылды мәлімет сол арада жедел басқару орталығына түседі. Оператор заң бұзушы көлік тіркелген шағын ауданда жүрген кезекші топқа хабарлама жібереді, яғни аз ғана уақыттың ішінде шара қабылданады», — деп, Қостанай облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Ердәулет Махмұтов «Автоураган» кешенінің жұмысымен таныстырды.

Айта кету керек, Қостанайдағы жол полициясы қызметкерлері арнайы планшетпен жұмыс істейді. Несімен ұтымды деген заңды сауал туындайды, егер бұрынырақта хаттаманы рәсімдеуге жарты сағаттай уақыт кетсе, жаңа жабдықпен бұл шаруа, бар болғаны, бес минуттың ішінде тәмам болады. Аталмыш планшеттер бүгінде тек полицияның 10 экипажында бар.

«Үстіміздегі жылы тағы 384 планшет алу жоспарда бар, — деді Қостанай облыстық ІІД басшысының орынбасары Қасым Досанов. — Бұл жоспарды жүзеге асыра отырып, облыс орталығындағы полицейлердің электронды планшетпен қамтылуын 100 пайызға, ал аумақтық органдардың жабдықталуын 30 пайызға жеткіземіз».

Елбасы Жолдауының оныншы бағыты Қостанай облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Белгілі болғандай, биыл облыс орталығының үштен бір бөлігі «ақылды» технологиялармен қамтылады. Ал «Смарт Сити» жобасы 2022 жылға қарай толықтай іске қосылуы тиіс. Нәтижесінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жұмсалатын бюджет қаржысы 30 пайызға үнемделеді.

Самые интересные новости в нашем Telegram-канале


Редакция

Новости Казахстана

ИА «NewTimes.kz» ЗАПРЕЩАЕТ копировать и перепечатывать материалы агентства с пометкой «Эксклюзив», а также их фрагменты. ЗАПРЕТ распространяется на все зарегистрированные СМИ, а также паблики в Instagram. Полное воспроизведение или частичное цитирование других материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы могут быть скопированы и размещены только с подписью «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. 
Реклама на сайте

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика