Жарылыстан соң із-түзсіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары қорғаныс министрінің мәлімдемесімен келіспейтінін жеткізді. 8 айдан бері табылмай жатқан әскери қызметкердің әпкесі Фарида Дәуітбаева құзырлы органдағылар іздестіру жұмыстарын жалғастырмай, істі жылы жапқысы келетінін айтады.
Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевқа қатысты пікір білдіріп, «Мен із-түзсіз жоғалған әскеридің отбасын түсінемін, біз оларға өлді деп тануды ұсындық. Содан кейін әлеуметтік төлемдер, Қарулы күштерден төлемдер болатынын айттық» деп жауап берді.
«Біз бұл мәлімдемемен келіспейміз. Біз баланы әлі тапқан жоқпыз. Мейлі, үкімет «өлді» деп танысын делік. Бірақ, бір күні оралса ше? Біз әлі күнге дейін табылады деген үмітпен отырмыз. Ана жүрегі алдамайды ғой. Баласының тірі екеніне сенеді. Бір күні Бауыржан табылып, арамызға қосылса ше? Ол жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Жоғарыдағылар көмек қолын созып, тікұшақпен іздестірудің орнына «өлді» деп істі жылы жаппақшы. Мені соны түсінбеймін. Министрлік ондай мәлімдеме жасайтындай баламыз мал емес қой. Сонда үкімет біздің жағдайымызға бей-жай қарап отыр ғой», ― дейді Фарида Дәуітбаева.
Әскеридің туысы биліктегілерге іздестіру жұмысын тоқтатпау туралы талап қойды.
«Мүмкін ол есін жоғалтып, біз білмейтін, біз көрмеген бір фазендада жүрген шығар?! Неге солай ойламасқа? Неге өлді деп шығарғалы отыр? Біздің нақты талабымыз ― биліктегілер іздестіру жұмыстарына көмектессін. Қандай жағдай болмасын, тауып берсін! 8 ай болды ― күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Шынымды айтсам, не істерімізді білмейміз», ― деді Бауыржанның әпкесі.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.
Ашық дереккөздерде Бауыржан Дәуітбаевтың төрт баласы (үш ұл, бір қыз) бары, ал әйелінің бесінші баласына жүкті екені айтылған.