суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-5oC
×

«Қастық тілейтіндей, қызым не жазды?»: Хаменованың анасы жан сырын ақтарды

4,5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың сіңлісі Айнұр Хаменова анасы Қалампырдың қызы туралы жазған алғашқы жазбасын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Фото: Бақытгүл Хаменова / Facebook
Фото: Бақытгүл Хаменова / Facebook

«Жан дүниемнің астаң-кестең болғанына, аналық жүрегімнің парша-паршасы шығып, тілім-тілім болғанына жарты жыл болыпты. Жұрт жамырай жазып жатқан көп сөз бен боқ сөз тағдырды шешпейтін шығар. Құдды қаныпезер қылмыскер секілді қос ұлыңның көз алдында қолыңды кісендеп әкеткен кездегі сөзің көкірегімде сайрап тұр, ботам. «Апа, жылама! Ақтығымды дәлелдемей қоймаймын. Өлсем де, кінәсіз екенімді дәлелдеп өлемін!» дедің. «Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін ана үшін бауыр етің балаңның қиянат шеккенін, нақақтан нақақ күйгенін көргеннен артық қасірет бар ма, адамдар?!» — дейді Бақытгүл Хаменованың анасы.

Анасы сол зауал сәттен бері, қызының бұл сөзі жанына демеу, көңіліне медеу болып, күнді күнге жалғап келеді екен.

«Тек сен мұқала көрме, қызым... Әкеңнен дарыған қайсарлық пен өжет болмысыңнан көз жазып қала көрме... Сенің сынғаның – анаңның, бауырларыңның, балаларыңның «күйрегені». Жаратушыға тәуекел етіп, сенің ақтығыңа сеніп отырған аз ғана тілеулесің үшін мықты болмауға хақың жоқ», — дейді анасы.

Анасының сөзінше, істің ақ-қарасы анықталғанша балаларының қасында болсыншы деген өтінішін құзырлылардың естігісі келмеді.

«Өзіңнен жырақтатқан өткен жылдың желтоқсанындағы зобалаңды Алланың сынағы деп қабылдап, ел-жұртқа сынық көрінбейін деп еңсемді тіктеп, айналамның жарымжан көңілін жабырқатпайын деп есімді жияйын десем де, мына жұрттың оңды-солды зәрлі, ғайбат, қиянат сөздері мен тірлігі өмірден түңілдірерліктей екен... Соншалықты улы запыран төгерліктей, соншалықты жер-жебіріне жетіп, өзіне, балаларына өшпенділікпен қастық, жамандық тілейтіндей, қызым Бақытгүл Хаменова не жазды?

Жаны жүдеу анасы бар-ау, қорғансыз балалары бар-ау, соларға ауыр тиер-ау дейтіндердің қарасының аз болғанына налыдым, азаландым, қатты қапаландым... Алла бұл күйді ешкімнің басына бермесін! Алла ешкімді перзентінің жазықсыз жәбірленуімен сынамасын! Отбасымызбен адамнан алғыстан басқаны естімеп ек. Бұл күнде жүйесіз қарғысқа көміліп отырмыз. Жасы да, жасамысы да, естісі де, есуасы да, танысы да, бейтанысы да жарыса ғайбаттап әлек әйтеуір... Бес баламызбен бірге оқыған қаншама ұл-қызды аналық-әкелік құшағымызға алып, мейірім танытқаннан басқаны білмедік. Қара су, қара нан жесек те, «Алла абыройдан айыра көрмесін!» деп тіледік.

Бақытгүл қызымның тілінен де, ділінен де осы сөз түспеген еді. Оны да сөз қылып, әбден жерлепсіздер, қайтейін... Бір Алла өзіңе жар болсын! Раббыңа тапсырдым, тәуекел еттім!» — деп түйіндеді сөзін.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 1
Забавно 0
Сочувствую 1
Возмутительно 0