Қала күніне орай Алматыда өткен үш күндік іс-шараның бірінде Абайдың «Бойы бұлғаң» әнін шырқаған жас әншілер жұрттың ашуын туғызды. Кең тынысты Абай әнінің орындалуына көңілі толмағандар қатарында кәсіби өнер майталмандары да бар, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев ән видеосын өз парақшасында бөлісіп:
«Алматының қақ ортасында мына маңқалар Абай атамыздың «Бойы бұлғаң» әнін орындап сахнаға шықты. Жаңа Қазақстанның жұлдыздары. Неткен арсыздық, осыларды қолдап, қалың елдің алдына шығарған кім? Мыналардан не ұқты екен көрген, естіген адамдар? Мәдениет басқармасы, жауапты адамдар қайда?» — деп жазды ол.
Әннің нақышына келтіріп орындалмағанына реніш білдіргендердің қарасы қалың.
«Бейбіт елде сән бөлек, бүлінген елде ән бөлек (Төле би)», «Құлдырап бара жатқан қайран уақыт. Масқара, қайда кетіп барамыз. Болашағымыз не болмақ?», «Бәрі сатылатын болған: ар, мансап. Тек халықтың пікірін сатып ала алмас»,— деп жазды оқырмандар.