Жаңа жыл мерекесі қарсаңында танымал әншілердің қаламақысы қымбаттап, оларға деген сұраныс артады. Осы орайда Экспресс К тілшісі шоу-бизнес жұлдыздарының жаңа жылдық кеште алатын гонорарын біліп көрді, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі.
Қайрат Нұртас
Соңғы 10 жылдан астам уақытта Қайрат Нұртасқа той мен салтанатты кештерге деген сұраныс төмендеген жоқ. Отандық шоу-бизнестің жарық жұлдызы қаламақысы ең қымбат әншілердің көшін бастап тұр. Мәселен, дәл осы өнерпазды жаңа жыл қарсаңында өзіңіздің қуанышыңызда көргіңіз келсе, 15 мың АҚШ долларын, яғни 7 миллионға жуық теңгені дайындап қойыңыз. Қайрат көңілді кеште бірнеше хитін қатарынан орындап береді.
Ерке Есмахан
Танымал әнші Ерке Есмахан да Қайрат Нұртастан қалыспайды. Бұл бикештің де жұмысы тығыз кестеге түзілген. Ол биыл желтоқсанның 29-31 күндері аралығында атыраулық тұрғындармен бірге жаңа жылдық кешті өткізеді екен. Еркенің еңбекақысы шамамен бес миллион теңгеден асады. Бұған қонақүй мен ұшақтағы билеттің бағасын қосыңыз. Өнер иесі жарты сағат бойы меймандарға әсем әндерін тарту етеді.
Роза Рымбаева
Бүгінде ел есті әндерді де, ескі әндерді де тыңдаудан жалыққан емес. Роза Рымбаеваның жаңа әрі ретро хиттері әлі жұрттың жадында. Халық әртісінің Алматы қаласындағы жаңа жылдық кештегі гонорары 5 мың доллар, яғни шамамен 2 миллион 300 мың теңге төлейсіз. Өнер иесі 30 минут бойы ән шырқайды.
«Меховая 8/1» тобы
«Ақ көйлек киген, көк көйлек киген» әні әлі де тиктокта трендтен түспей тұр. «Меховая8/1» тобының жаңа жылда ән салғанын қаласаңыз, 2 миллион теңгеге қалтаңыз жұқарады және үш өнерпаздың жатын орны мен жол ақысын көтересіз. Есесіне бұл жігіттер мерекелік кешті жандырады.
Алина Шакиева
Осы жылы жұрттың қатаң сынына ұшырап, кейін хитке айналған «Ұйқым келмейді» әнінің орындаушысы да тойға шығып жүр. Алина Шакиеваны шақырсаңыз, бар болғаны 200 мыңға жуық теңге төлейсіз. Астанада тұратын әуесқой әнші Қазақстанның кез келген өңірінде өнер көрсетуге тас-түйін дайын!