Өнер иесі күйеу жігіт жақ қазақтың салт-дәстүрімен өзіне сырға салғанын айтып, тойға дайындық барысымен бөлісті.
«Сырға салу рәсімі өтіп кетті. Үлкен тойды наурыз айына белгілегенбіз, бірақ жоспарға байланысты өзгеруі де мүмкін. Нақты уақытын айта алмаймын. Қыз ұзату тойының қай уақытта болатынын әлі шешпедік. Шынымды айтсам, өз басым қыз ұзату тойын жасағанды қаламап едім. Заманауи тұрғыда екіжақты біріккен той жасасақ деген ойым болды. Бірақ әке-шешем қолқалап қоймады. Сол кісілердің қалауы болғандықтан, бас тарта алмадым», – дейді Жанар.
Әнші қуанышына өнердегі ең жақын әріптестерін ғана шақыратынын айтты.
«Тойымыз заманауи стильде өтетін болғандықтан, «дружка» болмайды. Көп кісі қатысатын үлкен той жасаймыз деп айта алмаймын. Етжақындардан тұратын шағын ортада өткіземіз. Әлбетте, әріптестерімнің ішінде жақын араласатын достарымды шақырамын», – деді ол.
«Күйеужгіттің кім екенін жасырып жүрсіз. Сонымен, еліміздің қай өңіріне келін болмақсыз?» деген сұраққа Жанар: «Астанаға. Астанада таныстық, Астанада тұрмыс құрамыз», деп жауап берді.
Сондай-ақ ол болашақ күйеуінің өнерін түсініп, қажет кезде демеу бере алатын жан екеніне сенімді.
«Біз екеуара бұл мәселені шешіп алғанбыз. Ол – менің өнерімді бағалап, қолдап-қолпаштап отыратын адам. Сондықтан ондай талап қоймайтынына сенімдімін. Оның үстіне мен өзгертуге тырысатын жаста емеспін ғой. Бізде ешкім ешкімді өзгертуге талпынбайды. Бір-бірімізді қалай бар, солай қабылдаймыз. Махаббаттың мәні де сонда болса керек», – деп ойындағысымен бөлісті өнер иесі.