БАҚ беттерінде «Жезөкшеліктен хиджабқа» деген жазумен отандық шоу-бизнес өкілдері Айдана Меденова, Алтынай Жолдыбаева және Мөлдір Әуелбекованың суреті бар постер жарияланды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы кездері танымал адамдардың хиджаб киюі даулы мәселеге айналды. Дінге бет бұрған қазақстандық отандық жұлдыздар да аз емес. Солардың бірі Мөлдір Әуелбекова. Өнер иесі «Жезөкшеліктен хиджабқа» деген жазумен өзінің суреті бар постерді желідегі парақшасында жариялап, өзін «ақша үшін тұмшаланды» деп айыптағандарға жауап берді.
«Алланың атымен бастаймын! Ескертемін! Бұл жалған дүниеде, менің арымды таптағандарың үшін, маған осындай ауыр жала жапқандарың үшін, сендерді сотқа беріп, уақытым мен жүйкемді бос кетірмеймін. Көркем сабырмен сабыр етіп, Алланың сотын күтемін! Бірақ, естеріңде болсын, ақыретте сендердің (осыған қатысты) әрқайсысыңнан өз ақымды алатынымда күмәндарың болмасын! Алла әділ, әрі оның есебі түгел! Адам асыққанымен, Алла асықпайды», – деп жазды Мөлдір Әуелбекова.
Отандық эстрада жұлдызының бұл жазбасын өнердегі әріптестері мен оқырманы қолдап, айыптаушыларды жазалауға кеңес берді.
«Бәрін орынды жазыпсыз», «Бұларды сотқа беріп орнына қоймасаң білгенін істейді», «Ақылмен шешіпсіз», «Соттаспайсыз ба, жауап берсін», «Негізі сотқа беру керек», «Алладан қорықпай сөйлетіндерден қорқу керек», «Артық әңгіме айтпасын», – деп жазды желідегілер.