Танымал айтыскер ақын, депутат Ринат Зайытов "Қасқа жол" подкасында рушылдық тақырыбына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Депутаттардың арасында 11 найман бар дейді. Яғни біреуі бастама көтерсе, қалғандары іліп әкетеді, өткізіп жібереді, бір-біріне қолдау көрсетеді деген сияқты. Ондай бар ма?» - деп сұраған журналист.
Депутат «Парламенттегі 11 найман» атты тізімді көргенін, алайда депутаттардың руына мән бермейтінін айтты.
«Неше түрін шығарып алады. Мен де «Парламенттегі 11 найман» деген тізімді көрдім. Нұртай Сабильяновты қосып қойыпты. Ол уақ, найман емес. Болмайтын жерден ілік іздеген адамға солай шығар. Егер біз трайбалистікке жол беріп, «наймандар деп осыны қолдайық» десек, Алматыдан немесе Астанадан Қабанбай батырдың ескерткішін қақитып тұрғызып қоятын ба едік?! Өйткені трайбализм сондайға ұмтылады ғой. Ондайдан аулақпыз. Он бірін білмеймін, солардың ішінен жақсы араласатыным - Мақсат Толықбай. Қаншалық екеумізді трайбалист деуге болады? Біз баяғыдан араласамыз. Жалпы депутаттардың бәрімен жақсы араласамын. Қайсы арғын, қайсы найман, қайсы адай, шаруам жоқ, араласа беремін», - дейді Ринат Зайытов.