Белгілі актриса Меруерт Өтекешова өмірлік серігі Құман Тастанбековті еске алып, сағыныш сезімін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Жанымның жағалауы» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Актриса Ақжайық өңіріне іс-сапармен барды.
«Әлі күнге дейін ағаларыңды минут сайын сағынамын. Іздеймін. Балаларым мен туысқандарым жанымда болса да, олар ағаңа жетпейді. Бәрі жан-жақтан менің көңілімді табуға тырысады. Бірақ бәрібір жүрек Құманды іздеп тұрады.
Өзіме ең жақын адамдарым бұл дүниеде жоқ. 92 жасқа жетіп дүние салса да анамды жоқтаймын. Ата-енем, әке-шешем, бауыр етім балам, туған сіңлім кетті. Бәрін сағынамын. Олардың арасынан Құманның орны бөлек еді.
Мені жарынан айырылған әйел заты ғана түсінеді. Өте ерте кетіп қалды. Айтылмаған әңгіме, ашылмаған сыр қалды арамызда», – деп күрсінді актриса. Сондай-ақ, балалары да әкелері кіріп келердей елеңдеп отыратынын айтты.
«Үлкен қызымның есімі – Жібек. «Қыз Жібек» фильмінің құрметіне қойғанбыз. Жолдасы Ибрагиммен төрт бала тәрбиелеп отыр. Жиендерімнің алды студент, жоғары оқу орындарында оқып жатыр.
Кіші қызым да тұрмыста, Санжар жиенім жақында жасқа толады. Қыздарыма өте ризамын. Олар біздің отбасынан алған тәрбиені жалғастырып жатыр. Менің әке-шешеммен бірге тұрдық. Одан кейін ата-енемен тұрдық.
Сол кісілерге көрсеткен құрметті қыздарым жалғастырып отыр. Соны көріп бақыттымын. Барлық балаларыма ата-анамды үлгі етіп отырамын», – деп жан сырын ақтарды өнер иесі.