Блогер Мерей Абилова Айсәуле Бақытбекке берген сұхбатында жұбайы Димаш Қашкенмен қалай танысқанын, қалай отбасы құрғандарын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, болашақ күйеуі туралы Умраға барғанда тілеген.
«Қазанда отбасымызбен Умраға барған болатынбыз. Сол кезде болашақ күйеуімді тіледім. Түр әлпетін - барлығын тіледім. Қарашаның аяғында кездестік, таныстық (жұбайымен - еск.). Арасы бір жарым ай. Танысқанымыз да қызық болды. Интернетте таныстық. Мен оны көріп қалғаным қызық болды. Димаш 2019 жылдан бері жазған. Менің таныс қызым бар еді, ол қыз - мейрамхананың бастығы. Сол мейрамханаға Димашты досымен бірге шақырыпты, сол қыз (әлеуметтік желіде - еск.) белгілеп қойыпты, «қандай бала?» деп кіре салдым. 2019-дан бері жазып жүрген екен. 2021-де соңғы рет жазған. Жаза салайын дедім, қызық болды өзіме. Содан кездестік. Гүлімен, сыйлығымен алып кетті. Бірден сөздері ұнады, өзіне сенімді жігіт болды. Бірден «ниетім түзу, сенімен отбасын құрғым келеді» деді. ...Бірінші кездесуде «не ұнайды, алып беремін» деп сұрады. Ол Дубайға кетіп бара жатты, бір апта жаттығуы болатын. Мен де не ұнайтынын жібердім. Бірінші кездесуден-ақ қалауымды жеткізе аламын. Мен «үйленуге ұсыныс жасасаң, Парижде қалаймын» дедім. Еркек адам басыңда не барын білмейді. Ойыңды айта алу дұрыс деп ойлаймын», - деді блогер.
Димаш Қашкен Мерейді қалай ұнатып қалғанын айтты.
«Әрине, бірінші сырт келбетіңе қарайсың ғой. Бірден көзіме түсті. Одан кейін мінезі ұнады, үнемі жайдары жүреді, ешкіммен ұрыспайды. Қазақ тілін жақсы біледі, қазақтың салт-дәстүрлерін сақтайды», - деді блогердің жұбайы.