Шымкент қаласындағы орталық саябақ алаңшасында облыстық ассамблея хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлігі бекем ел жастары – болашақ кепілі» тақырыбында ашық форматта дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
Кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары З.Үсіпахметов пен бөлім басшысы С.Исмаилов жүргізіп отырды.
Бірлігі жарасқан Оңтүстік өңірінің ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтауға байланысты өзге облыстарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Жиынның мақсаты – өңір жастары арасында сол ерекшеліктерді сақтай отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын және 5 институционалды реформаны жүзеге асыруда белгіленген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру. Сонымен бірге, еліміз үшін маңызды болып табылатын жаңа экономикалық саясатта кемел келешекті айқындайтын басым бағыттармен бірге, тұрақтылықтың негізі – еліміздің әлеуметтік, мәдени-рухани мәселелері негіздерінде «Мәңгілік ел» идеясында жүзеге асыру болды.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқының алдына қойып отырған биік межеге жету үшін бізде барлығы жеткілікті – білікті де білімді мамандар, қажетті қор, саяси жігер бар. Және ең алдымен, бұл бүгінгі жалынды жастарға байланысты екендігіне назар аударды.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Е.Байқонақов облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанатының қызметін жандандыру мақсатында бірлескен жұмыстардың жүргізілетіндігін айтты. Соның бастамасы ретінде жастар арасында «Достық лигасы» клубын құру жоспарланып отырғандығын атап өтті.
Ашық форматтағы мәжілісте жастарды кәсіпкерлікке баулу, олардың тұрғын үймен қамтылу мәселелері, «Серпін» бағдарламасы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, т.б. мәселелер төңірегінде жан-жақты сөз болды.