+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (707) 888 02 16
17.11.2016 в 06:28

Дінаралық келісім қоғам тұрақтылығының кепілі

Қазақстандағы қазіргі діни жағдайдың сан алуан қырларын дінаралық сұхбат мәдениеті аясында, яғни Қазақстанның қазіргі кезде әлемге танымал болып отырғандағы басты құндылығы бейбіт қатар өмір сүру мәдениеті аясында баға беруді жөн көріп отырмыз.

Қазақстан қоғамындағы діннің орны мен қызметі аса ұқыптылықты қажет ететін мәселе. Елімізде дін мәселесіне байланысты, ұлттық және мемлекеттік бірегейлікті қамтамасыз етудің басты бағыттары мен құралдарын анықтау қажеттілігі алға қойылып отыр. Бұл өз кезегінде діни қатынастарды реттеу мен діни әрекеттердің салдарларын болжаудың әдіс-тәсілдерін, тетіктерін жасақтайтын іргелі ғылыми ізденіс жұмыстарын талап етеді. Дінге қатысты мәселелерді ғылыми негізде, ұлттық  мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығына баса ден қоя отырып шешсе ғана нәтиже берері анық.

Дін қоғамдық  сананың   формасы  ретінде   қоғам  мен  адам  өмірінде, халықтың  мәдениеті  мен  дәстүрінде  елеулі  рөл  атқарады. Дін – бұл  өркениетті  адамзат  тарихында көне  дәуірден   орын  алған  рухани  құбылыс. Діни  мәдениет пен   діни   құндылықтар – дәстүрлі  діни    жүйелердің   адамзат  баласының  рухани   жан  дүниесін  жетілдіруге  және  адамға  өмір  мәндік  мәселелерді  шешуді  ұсынатын   тұғыр. Бұл жағдайда дінаралық сұхбаттастыққа басты мән беру әлемдегі тыныштық, бейбіт қатар өмір сүруге жол бастайтын басты ұстаным болуы тиіс. Өйткені  соңғы кездері жиі көрініс беріп қалатын саясиланған  діни  ұстанымдар   салдарынан  кейбір  елдерде   конфессияаралық    қақтығыстар  орын алып отыр.

Сондықтан  зайырлы  мемлекеттерде  діни  салаға   қатысты  заңнамаларда  рухани   өмірді  жүйелі  басқару, яғни  діни  бірлестіктердің   қызметін  қадағалау  мен   оларды   қаржыландыру,  миссионерлік  қызметті  жан-жақты   айқындау – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатынан туындаған қажеттілік. Бұған қоса, діндарлар  мен  діни  бірлестіктер   қоғамның  рухани  әлеуметтік  құрылымының  ажырамас  бөлшегі болып табылатындықтан,  мемлекетімізде  дәстүрлі  діндердің   мәдениетті   құрушы  және  жалпыға ортақ, рухани үдеріс әлеуетін  дінаралық   келісім   мен  ұлтаралық   татулық   сақтау  мен  нығайтудағы   алатын  орнына   ерекше   мән  беріліп  отыр және жаңа заңның қабылдануы дінге байланысты туындайтын мәселелердің оңды шешім табатынына кепіл болатыны анық.

Дінаралық келісім мәдениеті толеранттылық, дінаралық келісім, төзімділік, дінаралық сұхбат ұғымдарымен дәріптеле бастады. Толеранттылық ұғымы ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Әр ғасырда әр түрлі мағыналарды жинақтай келе, сол заманның шындығын беруге сәйкестеніп отырды. Алғаш рет толеранттылық ұғымының заңдық ресімделуі ЮНЕСКО-ға мүше 185 мемлекеттің Парижде 1995 жылы 16 қарашада  «Толеранттылық принциптерінің Декларациясын» қабылдауымен басталды. Осы ресми құжатта толеранттылықтың төмендегідей мағыналары беріледі: 

«1.1. Толеранттылық әлемдегі мәдениеттердің бай көптүрлілігін құрметтеу, қабылдау және дұрыс түсіну, өз-өзімізді көрсету формалары және адамның индивидуалдылығын көрсету тәсілдері  дегенді білдіреді. Оған білім, ашық қабылдау, қарым-қатынас және ой, ар және сенім еркіндігі  септеседі. Толеранттылық – бұл көптүрліліктегі үйлесімділік. Бұл тек моральдық борыш қана емес, сонымен бірге саяси және құқықтық қажеттілік. Толеранттылық – бұл бейбітшілікке қол жеткізуге және соғыс мәдениетін бейбітшілік мәдениетімен ауыстыруға мүмкіндік беретін игілік.

1.2. Толеранттылық – (бәріне) жол беру, жоғарыдан қарау немесе жасандылық емес. Толеранттылық – әмбебап құқықтар мен адамның негізгі еркіндіктерін мойындау негізінде қалыптасатын белсенді қарым-қатынас. Толеранттылық ешқандай жағдайда да осы құндылықтарға қол сұғушылыққа қызмет етпейді, толеранттылықты жеке адамдар, топтар және мемлекеттер танытуы тиіс.

1.3. Толеранттылық – адам құқықтарының бекітілуіне, плюрализмге (соның ішінде мәдени плюрализмге), демократия және құқықтық тәртіпке қызмет ететін міндеттілік. Толеранттылық – бұл догматизмнен, ақиқатты абсолюттендіруден бас тартуды және адам құқықтары саласы бойынша халықаралық актілерде бекітілген нормаларды білдіретін ұғым.

1.4. Адам құқықтарын құрметтеуге үндес келетін толеранттылықты көрсету әлеуметтік әділетсіздікке төзімді болу, өз сенімінен бас тарту немесе басқалардың сеніміне жол беру дегенді білдірмейді».

Толеранттылық принциптері адамды адам ретінде құрметтеу, адам деген асыл құбылысқа лайықты адамзат баласын жанына жақын тартуға бағытталған. Дегенмен айта кетерлік мәселе, толеранттылықты көп жағдайда «төзімділік» деп түсіну бар. Төзімді болу немесе кең болу, яғни тағаттылық таныту дегенде барлық   сенімдерге, барлық діндердегі айтылғанға төзу дегенді білдірмеу керек, бұл арада таңдампаздық қажет. Дін саласындағы толеранттылық мәселесін зерттеу барысында дінаралық келісім, дінаралық сұхбат, үнқатысу ұғымы тиянақтала түседі. Діндер арасында өзара түсінісудің бір формасы ретінде «басқаның» «басқа» екендігін түсіну жолындағы ізденістер болып табылады.

Елімізде дінаралық келісімге келу, дін мәселесінде тағатты болу мәдениетінің қалыптасуы, азаматтардың діни сенім бостандығы, ұлтаралық татулықтың маңыздылығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен негізделеді. Ата Заңның 14-бабының 2-тармағына «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», 39-баптың 2-тармағына сай «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп нақты көрсетілген, яғни кез келген азаматтың құқықтарын сақтай отырып, соның ішінде діни сеніміне байланысты еркіндік бере отырып, келісімге келудің заңнамалық негіздері көрсетіледі.

Елімізде тәуелсіздік жылдарында келісім, бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының бағалануы халықаралық ұйымдар тарапынан да оң бағасын алып келеді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық етуі, ел тарихының бұл кезеңі де толеранттылықты басым бағыт ретінде бекітумен өтіп, «Сенім. Дәстүр. Транспаренттлік. Толеранттылық» негіздерін анықтады, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына мемлекетіміздің төрағалық етуі қазақ жеріндегі бейбіт ымыраласудың тиімділігіне көрсетілген сенім белгісі болып табылады.

Елімізде үш жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің конфессияаралық келісімді нығайтуда халықаралық деңгейде орны ерекше. Әр съезд өз алдына күрделі мақсаттар қойып, соны жүзеге асыруда қыруар жұмыстар атқарып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы Съезі (2003 ж.) діндер арасындағы үнқатысу мәдениетін қалыптастыру және осы бағытта шешімдер жасауды жүзеге асыратын халықаралық дінаралық институт құруды көздесе, екінші Съезд «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында өтті (2006ж.) және бұл съезде «Дінаралық үнқатысу принциптері» қабылданды. Үшінші Съездің (2009 ж.) басты тақырыбы ретінде рухани басшылардың – әр түрлі дінбасыларының толеранттылыққа, өзара ынтымақтастық пен өзара құрметке құрылған әлемді құрудағы рөлі туралы болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.

IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.

Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен  бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.

Дінаралық мәдениетті қалыптастыруда қазіргі таңда жоғары білікті кәсіби мамандардың рөлі артып отыр. Бұл арада дінтанушыларға атқарылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Дінтанушы кез келген мәселеге баға беруде орта жолды ұстау керек, ал орта жолды ұстаудың қиындығы мол. Дін өкілдері әрқайсысы өз тарапынан, сол өзі уағыздайтын діні тарапынан ойын ашық, бүкпесіз айта алады, зайырлы дінтану ғылымының өкілдері субъективтіліктен жоғары болып, дін туралы мәселелерді бағалауда, сараптауда объективтілікті басты принцип ретінде ұстануы тиіс. Мұндай шараларды атқаруға дайындық, мемлекет тарапынан үздіксіз және жоспарлы түрде іске асып келеді. Жоғарыда аталған ұлтаралық, конфессияаралық қатынастар мен жеке адам санасы, тәрбиесі, дүниетанымы, діни ұстанымы осындай әрекеттермен жолға қойылып отыр. Мектеп қабырғасындағы «дінтану», «тәрбие» сабақтары жоғары, орта оқу орындарындағы арнаулы курстар, тәрбие сағаттары мен түрлі лекциялар олардың өмірлік мәнін аша түсуде. Дінтану – діндер туралы ілім болғандықтан діннің шығуы, мәні және дамуы, діни ілімдер, ғибадаттар және олардың ерекшелігі туралы кешенді білім. Сондықтан дінтануды оқытуда негізгі ұстаным діндер туралы толыққанды  ғылыми негізделген тұжырымдар мен әлемдік дінтану саласындағы жетістіктермен нәтижелер баяндалуы тиіс, яғни пәнді қарастыруда нақты-тарихилық және объективтілік басты өлшем.

Дәстүрлі   діни құндылықтардың    рухани  күші   ұлттың    бірегейлік    пен  рухани, ұлттық құндылықтарды   сақтауға    мүмкіндік   береді. Дәстүрлі   діндер мемлекеттің    діни  саладағы  саясатына   қолдау  көрсетуі  және  оны  діндарлар  арасында   түсіндіруі   бүгінгі   күнде   өте  маңызды. Елдегі   діни  сананың  өсуі, жастар санасында  діни  құндылықтарды  орнату мәселесі, түрлі   жат  діни  ағымдардың миссионерлік    қызметінің  белсенділігі, діни  жағдайды    ғылыми   тұрғыда талдап, зерделейтін  дінтанушы  мамандарды  қажет  етеді. Дінтанушы мамандарды   кәсіби   тұрғыда  дайындау  және  оларды  жұмысқа орналастыру  маңызды. Сондай-ақ  мектептерде  дінтану   пәнін  жүргізетін ұстаздардың  білімін  жетілдіру, дін  істері  саласында   қызмет  атқаратын мемлекеттік  қызметкерлердің   діни  білімін  арттыру  үшін  түрлі  деңгейдегі   оқу-ағарту  курстарын  ашу  өзекті.

Қазақ елі – жүзі жарқын, болашаққа қарай ұмтылған жас тәуелсіз мемлекет. Қазақстан демократиялық, зайырлы құндылықтарды ұстанатын ел және еліміздегі этностар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуына барлық жағдайлар жасалған. Дінаралық келісім мен сұхбаттастықты қалыптастыруда дінтану пәннің өзіндік орны болмақ.  Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында дүниежүзінің өркениетті елдерімен саяси және экономикалық әріптестік орнатты. Елбасымыздың жігерлі де, жемісті қызметі жас тәуелсіз елімізді биік ұмтылыстар мен жақсы нәтижелерге жеткізді. Қазақстанның әлем қауымдастығы елдерімен тең құқықты саясат ұстануы – бұл Тәуелсіздік жемісі.

Д.Қ.Оспанов,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ

бөлім басшысы


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 308571
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика