пятница, 3 января 2025 г.
icon
525.11
icon
546.74
icon
4.88
Алматы:
icon
-6oC
Астана:
icon
-9oC
×

Діни таным – діни сауаттылықпен өлшенеді

Адамзат тарихи кезеңдерінің басталуымен қазіргі дәуірге дейін тарих деректерінде өзгеріске ұшырамаған кейбір жәйттар бар. Кешегі ойланатын адам бүгін де ойланады. Әлемдегі өзінің орнын, қайдан келгендігін, өзінің кім екендігін, бұдан кейін не болатынын әрдайым ойлана келген және оны сапалы байыптап, бағдарлап отырады. Әлде де ойланып жатыр. Негізінде сұрақтар өзгерген жоқ, өзгергені жауаптар ғана. Қарап отырсақ, адамзат еш тоқтаусыз сұрақ – жауаптардың арасында арпалысып өмірлерін өткізіп келеді екен. Дегенмен әлі күнге дейін жауап күтіп тұрған мәселелерді жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты елімізде белең алып бара жатқан дін мәселесін айтсақ орынды болар.

Түпсіз тұңғыйықтай көрініп тұрған дін мәселесін қалай ретке қоямыз? Бар мәселе дінде, ең дұрысы түп тамырымен құрту керек дейміз бе? Қалай? Ойланып, байыппен қарайтын болсақ, мәселе дінде емес, мәселе қоғамда  болып тұр. Егер қоғамда діни сауаттылық қаншалықты жоғары болса, діни алауыздық соншалықты бәсең болады. Сондықтан діни танымға мән бергеніміз абзал.

Егер зерделеп қарар болсақ Қазақстанда ислам дінінің орнығып дамуы біркелкі еместігін көреміз. Әуелде асыл дінімізбен қауышуға асыққан мұсылман қазақ елі, ендігі жерде діни сенім негізінде дау-дамайға беріліп, бір-бірлерінің құлшылық ғибадатын жоққа шығаруға жол беруге дейін баруда. Бұл өз кезегінде дінге енді ғана бет бұрған жастарды, құлшылығын бастаған азаматтарды екі ұдай, дүдәмал халде қалдыруда. Мұның алдын алмаса ұлттың екіге жарылып, мемлекет тұтастығын жоғалтары күмәнсіз. Сыртқы күштің күткені де сол.

Ислам дініндегі қазіргі өрбіп отырған секталар мәселесінің тарихына, жалпы мәдени-әлеуметтік сипатына жүгіну арқылы, келешек ұрпақты ол індеттен құтқарудың жолын іздесек, нақты ғылыми зерделеу негізіне сүйенген, тұжырымдалған фактілерді білген жастар имандылық жолын оңай аңлайды деген ойдамыз. Тырнақшадағы «таза  исламды» бетперде етіп, түбінде өзгенің мүддесіне жұмыс жасайтын зомбилардың жетегінде кетуден жастарды аман-сақтау ісі әлбетте, діни сауаттылықты дамыту арқылы жүргізілуінің маңызы зор.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев ағамыз кезінде: «Қол ұстасып Құдайға – ғылым мен дін бірге бар»! деп, дін мен ғылымды қатар қойып, Аллаға дінмен, ал, дінге ғылыммен ғана жақындай алуға болатындығын дөп басып берген. Бұның философиясы – ғылым мен білімнің жолымен ғана өркендеген дін – тура әрі баянды болмақ. Пайғамбарымыз: «Бір сағат ілім үйрену немесе үйрету, таңға дейін ғибадат етуден сауаптырақ» - деген екен. (Дәйләми)

1990 жылдары кейбір діндарлар немесе оларға ерушілер ғибадат, діни ілім іздену әрекеттерінде іс жүзінде өздерінің діни ұстанымы негіздері мен қағида ұстыны, заңдық үкім, ережелерін білмегендіктен шалыс басып, діннің таза бастауларынан көз жазды. Соның салдарынан кейбіреулер өздерінің ата-бабасына жат діни ағымдарға ден қойып, ислам дінінің ілімі туралы сауатсыздығының салдарынан «дәнді қауыздан айыра алмай» қалды. Соның негізінде біздің халқымыз әлде де Ханафи мәзһабы мен сенім мәзһабымыз Матуридилік аясындағы ерекшеліктерімізбен ортақшылықтарымызда өз деңгейінде білу дәрежесінен әлі алыс. Сондықтан бүгінде күн тәртібіне исламды, біздің еліміздің мұсылмандары арасында дәстүрлі бағытымыз – суннилік ханафи мәзһабын жаңа дәуір сұранысына сай қайта жаңғырту мәселесі қойылды. Бұл ретте 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесінде исламдағы ханафи бағытының маңыздылығы айтылса, «Қазақстан – 2050» стратегиялық жолдауда Елбасы: Біз мұсылманбыз, соның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз деп бағытымызды айшықтай кетті.

Қоғамның діни сауатын арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары ОҚО, дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» тарапынан өткізілуде. Айталық облыс көлемінде, яғни қала, аудандардағы жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде, мекемелерде, аудандар мен ауылдық округтерде болып, әрбір буын өкілдеріне халықпен, жастармен кездесіп, насихат жұмыстары жүргізіліп әрі семинар-тренинг жалғасын тауып жатыр. Мақсатымыз салауатты да сауатты өмір салтын қамдап қоғамның діни сауатын ашу, елдің, мемлекеттің ынтымағына, тұтастығына жұмыс істейтін отаншылдық ішкі сүзгіні қалыпқа келтіру.

Ғасырлар бойы халқымыздың, тіпті әлемнің жартысынан көбі ұстанып келе жатқан діни мектебіміз фиқһта (амалда) Ханафи мәзһабын және итиқадта (сенімде) Матуриди мәзһабын толық зерттеп, зерделемей жатып, сыңаржақтылықпен  дәлелдерін әлсізге санап, өздері оқыған жердің мәзһабтарын орынды орынсыз халықтың санасына тықпалап жатқан жастарымыз бар. Міне соның салдарынан дінге құлшыныс артып, мешіттерді лық толтырған жамағат ынтымағына сызат түсіп жатыр. Әйгілі мұсылман ғалымдары әлдеқашан жауап берген мәселелер қопсытылып, діндегі ұсақ мәселелер күн тәртібіне қайта қойылып, жамағат арасында шешімі қиын дауға айналдырылуда. Бүтін елді, дұрысы тұтас үмметті бөліп, мұсылман елдері арасына «құн құйлы» соғыс өртін тұтату екені аян. Көріп жатқанымыздай кейбір азаматтар діни ілімдерді толыққанды білмей немесе мәселенің соңы мен салдарын ойламай, саяси тапсырыс аясындағы «діни көрсоқырлық» шекпенін киген фитна-бүлікті уағыздап жатса, оның түбі неге апаратындығынан бейхабар. Яғни, дін мен білімсіздіктің нәтижесінде туындаған таассуб (көрсоқыр сенушілік) үрдісі бастау алса, соңы  бүлікке апарары хақ.

Міне осындайлардың кесіренен бүгінде Ислам дініне лайықты емес жағымсыз сөздер, атаулар мен келеңсіз оқиғалар және оның табиғатына сыймайтын ұғымдар тықпаланып келеді. Нәтижесінде қоғамда дінге деген көзқарас бүлінуде. Сондықтан дін мен діннің атын жамылған надандардың аражігін ажыратып алғанымыз жөн. Құранда: “Білімді мен білімсіз тең бола ма?...” (Зүмәр/9) – дегендей адамзат Исламды оқып зерттемей, білмей орынсыз дінді қара күйемен қаралау дұрыс емес. Құранда бұйырады: “Кім бір адамды жазықсыз өлтірсе бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең саналады. Ал кімде кім адамды өлімнен құтқарса бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғанмен тең саналады.” (Мәйда/32) Адамзатқа ерекше көңіл бөлген Ислам діні, жан тіршілігіне қиянат жасауды қатаң түрде ескертеді әрі ең үлкен күналардың қатарына жатқызады. Адамгершілік құнды қасиеттерін адамзатқа ұсынған Ислам дінін біз қалайша тап осылай қаралап, ғайбаттап, жымысқы харам ниеттілердің соңынан ермекпіз? Мен білген терроризм – жазықсыз адам өлтіру, бір елдің жеріне баса көктеп кіру, балаларды өлтіру, тонау, қирату, жәбірлеу, бір мүдде үшін объектіні немесе қауымды жою, екі елдің арасына от салу, отанын, ұлтын, дінін, тілін сүймейтін надан адамдардың сотқар іс-әрекеттерімен халықты мазалау. Міне осыларды титтей де бір тапсырысын орындағандар нағыз террористің өзі болмақ.

Шынайы мұсылмандардан жоғарыда аталғандай жаман іс-әрекеттердің шығуы мүмкін емес. Өйткені ол қайсысының бұрыс қайсысының дұрыс екенін, адамға тән қасиетпен өмір сүру керек екендігін және ең бастысы Алладан қорқу керектігін біледі. Соған қарамастан аталған жаман іс-әрекеттерді мұсылмандардың өзі істейді десеңіз, кешіріңіз, олар мұсылман емес, дінді үстіне жамылып, осы істі атқарып жүрген надандардың дәл өзі деп айту ең дұрысы. Ислам діні бұл әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұрып, бұған жол бермейтіні анық. Сондықтан да тағы да айтар болсақ әлдекімдердің дүниенің қай бұрышында жүріп ислам атын жамылып жасаған іс-әрекеттеріне байланысты исламды кінәлау, қаралау бұл діннің табиғи болмысын түсініп білмеуден туған сауатсыздық, немесе діннің беделін түсіру мақсатын көздеген қаскөй саясат.

Түйіндеп келгенде дініміздің, тарихымыздың, мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің және тіліміздің негізінде діни таным есігін ашатын болсақ, туралыққа апаратын жолды көретін боламыз. Содан барып елімізде дін мәселесі, мәселе болудан қалады. Сол үшін де атам қазақ ғасырлар бойы Құран мен сүннетке Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы мен Имам Матуриди сенім мектебін ұстану арқылы амал етіп, ел ынтымағын айрандай ұйытып, оны атадан балаға мұра қалдырған болса, ендігі кезекте біз де соны бекем ұстанып, болашақ ұрпаққа аманат күйінде жеткізу – «мойнымыздағы парызымыз болсын» - дегенді ата-баба аманатындай қастерлеуіміз керек.

Д.Қ.Оспанов,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ

бөлім басшысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0