воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-3oC
Астана:
icon
-10oC
×

Білім мен иман

Білім – жаратылыс жұмбағын шешетін илаһи кілт. Онсыз көзіміз көр, құлағымыз саңырау, санамыз қараңғы. Біз, білім-ғылымның сан-түрлі нәзік қыртыстарын еңсерумен табиғат қабаттарын ғана емес, Тәңір Тағаланың күш-құдіретін де толыққанды тани аламыз.

Әсілі, Ұлы Жаратушыны тақлид (өзгелерге еліктеу) дәрежесінде танып-білсек те, иман келтіргендер қатарынан саналамыз. Әйтсе де, хақиқат ауылына сапар шегіп, түңлігінен Тәңір нұры төгілген шаңырақтың құтты қонағы болып, онда рух ләззатына қанығып, Хақ шұғыласына шомудың мүлде жөні бөлек. Осылайша ақиқат сырының (илми-иақин) дәмін татсақ ғана, біз шынайы иман келтірген салих құлдар сапынан көріне аламыз. Осы себептен де, Хақ-Тағала Құран-Кәрімде: «Алла иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін жоғары қояды» (Мүжажеле, 11) деп бұйырады. Яғни, ақиқат ілімнің – бізді сынақ әлемінің пенделік құрсауына іліндірмей, Ұлы Жаратушымен қауыштыратыны талассыз шындық.

Хақ дініміздің алғашқы алғадай аяты «Ей Мұхаммед! Оқы! Раббыңның атымен оқы! Ол Аллаһ, адамды ұйыған бір тамшы қан түйірінен (егілген жұмыртқадан) жаратты. Оқы! Раббың аса жомарт! Ол адамға қаламмен жазу жазуды үйретті. Адамға білмеген нәрселерін үйретті» (Алақ, 1-5) деп нәзіл болғаны мұсылман қауымға мәлім. Бұл илаһи пәрмен жер бетіне ғаламат төңкеріс әкелді. Кеше ғана әліпті таяқ деп білмейтін бәдәуи араб осы аят- ты оқып-біліп, жүрек-көзі ашылып, санасы сәулеленді. Өзі ғана ғаламның сырын ұғынып қоймай, әлемге ақиқатты паш ету үшін атқа қонды. Барған жерінде «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым үйрену мұсылманға парыз» (хадис) деп ұран тастап, санасын тұрмыс билеген жұрттың пиғылына хақтың сәулесін түсіріп, жан-дүниесіне қозғау салды. Қалың елді қарудың күшімен емес, қайғысын бөлісумен жеңді. Қарадүрсіндікпен емес, ілімнің күшімен мойындатты. Жүрген жеріндегі жұртқа «шейіттің қанының тамшысынан ғалымның қаламының сиясының тамшысы әлдеқайда артық» (хадис) деген қағиданы мирас етіп қалдырды.

Алғашқы ақжал толқынның (салафия) шашқан ізгілік дән- дақылы нышан беріп, тарих сахнасына Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина, Имам Ғазали, Ибн Рушд, Ибн Халдун, Фахриддин әр-Рази, Әл-Бируни, Әл-Хорезми, Әл-Хузуни, Әл-Баттани секілді т.б ірі ғұламалар шықты. Олар, ғаламның тылсым құпиясын ашып, адамзатқа бейдауа тіршіліктің игілікті қыр-сырын ұғындырды. Ғұламалардың Хақ дінге сүйене отырып, ашқан тың жаңалықтары мұсылман әлемінің көгіне сәуле шашып, түңлігінен нұр болып құйылды. Иман байлығымен бірге, білім байлығына қаныққан жұрт, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ғұмыр кешті. «Шебердің қолы ортақ» демекші, мұсылман өркениетінің шұғыласы түсіп өзге өңірлерге жетіп, басқа дін өкілдері де (христиандар) осы соны сораппен жүре отырып, өркениет биігіне көтерілді.

Әйткенмен, мұсылман жұрағаты ХІІ ғасырдан кейін кеменің ескегін тең есе алмай (дүние және ақырет қайғысын), тоқырауға ұшырады. Бойын жалқаулық билеп, санасын надандық шырмай бастады. Дүниелік ілімнен тек дүниенің байлығын іздеді. Қиямет-қайым қайғысынан қорықпай, қиямпұрыс ойлардың жетегінде кетті. Хақиқаттың емес, қара ниеттің құлақ кесті құлына айналды. Жұмақтың мәңгілік бақытына кенелуді емес, жалған өткінші өмірдің ләззатына тояттауды басты мақсат етті. Хақтың жамалына емес, жаратылыстың бір сәттік қызығына батуға құштарлық танытты. Ашкөздікке ұрынған дін-қарындастан ынсап кетті. Алты бақан алауыз болып, бірліктен тайды. «Ғалымын өлтірумен, ғаламын да өлтірді» (хадис). Сөйтіп, қолындағы бар илаһи құндылығынан айырылып тынды. Нәтижесінде, аштан өліп, көштен қалды. Несібесі кем болып, өзі өзгеге жем болды

Иә, надандықтың шырмауында жүргеніне мың жыл өтсе де, дін-мұсылман баласы әлі ояна қойған жоқ. Санасын тұмшалаған қараңғылықтың пердесін серпіп тастар қасиетті ілім (Құран мен Сүннет және ақыл) қолында тұрса да, әлі бардың бағасын біле алмай күн кешуде. Өкініштісі, біздің масаң көңіліміз Ұлы Жаратушыға деген сенім ғылыммен жымдасқанда ғана жүректің илаһи нұрға малынатынын, жаратылысқа да ғылым һәм иман көзімен қарағанда ғана дүниенің сынағын еңсеретінін ұға алмауда. Яғни, біздің ғылым мен иманның біртұтас екеніне түйісігіміз жетпеуде. Ендеше, «Алтын ғасырға» қайтадан аяқ басуымыз үшін хақиқи сеніммен бірге «ғылымсыз күнің жоқ» деген тәмсілді ғұмырлық өлшем етіп алуымыз шарт-ақ. Сертімізге берік болсақ, ұшпаққа шықпақпыз, шарттан тайқысақ, надандықтың шырмауында шаң қауып қала бермекпіз...

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, ОҚО

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0