среда, 24 апреля 2024 г.
icon
445.66
icon
474.58
icon
4.78
Алматы:
icon
15oC
Астана:
icon
9oC
1xadv
×

Сырбойылық оқушыларды қашықтан оқыту жағдайы баяндалды

Облыс бойынша 293 мектепте білім алатын 161 779 оқушы 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды. Осы бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

«Мектептердің 78%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер саны – 21 705. Оқушылардың электронды құрылғылармен қамтамасыз етілуі және интернетке қосылу мүмкіндіктері бойынша мониторинг жасалды. Осы орайда электронды құрылғылар жетіспейтін отбасыларға мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Сондай-ақ, білім алушылардың интернет немесе ұялы байланыс операторларына қосылған мобильді интернетке қол жетімділігі зерттелді», — деді Наурызбай Сейтқалиұлы. 

Қашықтан оқыту әдісі Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес 4 тәсіл бойынша жүргізілетін болады. Бүгінде «Бапапан» және «Еларна» телеарналары арқылы оқыту үшін қазақ және орыс тілдерінде  білім министрлігі тарапынан бейнесабақтар дайындалу үстінде. Телеарналар арқылы 3000 мыңнан астам сабақ көрсетіледі деп жоспарланған. Әрбір сабақтың сабақтың ұзақтығы 10 минуттан тұрады. Сабақ кестесі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланып отырады.

«Телеарналар арқылы облыстағы 73 847 оқушы білім алатын болады.Дегенмен, бейнесабақтарды барлық облыс оқушылары қосымша пайдалана алатынын айта кету керек. Министрлік тарапынан бейнесабақтар интернетке жүктеледі», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Қашықтан оқыту форматы бойынша «Қазақ» радиосы да өз үлесін қосады. Радио арқылы бейнесабақтардың аудио нұсқалары беріліп отырады.  Сонымен қатар,  интернет арқылы оқу тәсілі қолданылады. Осыған сәйкес мұғалім өзіне ыңғайлы интернет-платформаларды пайдалана алады. Оқушылардың білім алуына қажетті контенттер қарастырылған «Электронды күнделік», «Дарын Онлайн» «Білім лэнд» интернет ресурстарында тегін пайдалануға болатын бейнесабақтар мен тестілеулер, әдістемелік нұсқамалар жүктелген.

«Қашықтан оқыту дегенді онлайн оқыту деп шаттастырмауыз қажет. Қашықтан оқытуда мұғалім кері байланысты электронды пошта, электронды күнделік, уатсап мессендежері арқылы жасайды. Электронды күнделік журналын пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда мұғалімнің қағаз түріндегі журналды қолдануына рұқсат етілген», — деді Наурызбай Байқадамов.

Облыс әкімінің орынбасары айтауынша, Интернеті және ұялы байланысы жоқ елді мекендердегі оқушыларға алдын ала дайындалған тапсырмалар санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы үйлеріне жеткізілетін болады. Облыс бойынша осындай 25 елді мекенде 2 696 оқушы білім алады.

«Қашықтан білім алуды тиімді ету үшін оқушылар бекітілген кесте бойынша телеарналардағы бейнесабақтарды уақытылы қарап, тапсырмаларды мұқият орындауы қажет. Түсінбеген сұрақтары болған жағдайда Whats App мессенджері арқылы немесе  мұғалімге қоңырау шалып сұрап отыруы керек. Ал, мұғалімдер оқушылардың өз уақытында сабақты меңгеруін, арналардағы сабақты көре алуын, интернет-платформаға емін-еркін тіркеле алғанын бақылауы тиіс. Оқушының үй тапсырмасын орындағанын, жаңа сабақты меңгергенін «Күнделік» жүйесі және WhatsApp бойынша кері байланыс орнатып, реттеп отыруы қажет», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Наурызбай Сейтқалиұлы әрбір ата-ана баласының уақытылы сабақты орындауын, телеарналардағы сабақтардың кестеге сай қарағанын және интернетпен жұмыс істеуін бақылауға алу керектігін айтты. Сонымен бірге, мұғаліммен үнемі байланыста болу арқылы оқыту тәсілінің әлдеқайда жеңіл болатынын жеткізді.

«Мұны ата-аналарды міндеттеу деп емес, осындай жауапты сәтте баласы үшін ұстаздарға көмек беру деп түсінген дұрыс. Қашықтан оқыту форматы елімізде бірінші рет енгізіліп отыр. Түрлі ақаулар мен түсінбеушіліктердің орын алуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде осы тақырып аясында сан түрлі пікірлер қалыптасу үстінде. Десек те, қиындықтарға қарамастан біз үшін әрбір баланың білім алуы өте маңызды. Барлық ата-аналарды ұстаздармен біріге отырып жұмыс жасауға, қолдау көрсетуге шақырамын», — деді Наурызбай Байқадамов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0