«Ауру айтып келмейді»: Гүлшара Әбдіхалықова қызылордалықтарды босаңсымауға шақырды

Бүгін елімізде карантин режимі жеңілдетіліп, біршама шектеулер алынып тасталды. Алайда қауіпті дерттен әлі де сақтануға тура келеді. Осыған орай Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова Сыр жұртшылығын босаңсымауға шақырды.

«Ауру айтып келмейді»: Гүлшара Әбдіхалықова қызылордалықтарды босаңсымауға шақырды
Фото: egemen.kz

«Қымбатты жерлестер! Халқымыз «Ауру айтып келмейді» дейді. Дүниені дүрліктірген пандемия салдарынан қаншама адам індеттің ілмегіне ілікті, қаншасы өмірден өтті. Әлем халқының ешқайсысына да бұл оңай тиген жоқ. Коронавирус індеті бәсеңсіді деп мамыр айында арқамызды кеңге салғанымызбен, маусым айында ауру тіпті өршіп, пневмония құрбандарының саны көбейді. Олардың арасында талай даңқты тұлғалар, ет жақындарымыз бен достарымыз, әріптестеріміз бен таныстарымыз болды. Сондықтан, маусым айында карантин қайта жалғасып, ол 1 жарым айға созылды. Қазіргі таңда ауру саны азайып, қалыпты жағдайға келдік дегенімізбен де, коронавирус дерті әлемде жойылмай тұрған уақытта босаңсуымызға болмайды», — деп жазды әкім.

Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, бүгіннен бастап карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңімен алынып тасталады, дегенмен, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.

«Халқымыздың денсаулығын қорғау мақсатында індет толық жойылып, дерттен құлантаза айығып, қуанышты күндер туғанша отбасылық мерекелер, ас, той, мерейтой өткізу, ойын-сауық, спорттық, салтанатты және басқа да көпшілік шаралар ұйымдастыруға тыйым салынады. Маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті талабымыз болып қала береді. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай кезеңде сыналады. Өзіміздің, отбасымыздың денсаулығының қауіпсіздігі үшін барлық шараларға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауға, шыдамдылық танытуға шақырамын. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тату болса, бұл қиындықты да бірге жеңіп, бірге еңсереміз. Жақындарыңызға жанашыр болыңыздар! Біз біргеміз», — деп атап өтті Қызылорда облысының әкімі.

Loading...

19 сентября, суббота