среда, 24 апреля 2024 г.
icon
444.32
icon
473.33
icon
4.76
Алматы:
icon
15oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Ақсай – болашаққа нық қадам басқан қала

Батыс Қазақстан облысындағы бірден-бір моноқала болып табылатын Ақсай шаһарының «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында жаңа тынысы ашылды, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Жұмыссыздықты азайтуды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді, коммуналдық инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуды, әлеуметтік жағынан батыл өзгертулер енгізуді (жаңа мектеп, аурухана, балалар бақша, тұрғын үй салу) көздейтін аталмыш бағдарлама шеңберінде Бөрлі ауданының орталығы - Ақсай түлей бастады. Нақтырақ айтар болсақ, жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 4637,9 мың теңгені құрады. Кәсіпкерлік субъектілері артып, соның нәтижесінде екі қолға бір күрек тапқандар көбейді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында алынып жатқан шаралардың нәтижесінде биыл жұмыссыздық деңгейі 1,4 пайызды құрамақ. Ал еңбекке қабілетті бола тұрып атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендер саны 25%-ға дейін азаймақшы. Одан бөлек, биыл моноқаладағы 42,7 шақырым жылу-электр желілері ауыстырылып, жөнделмекші, сөйтіп жылу мен электр желісі жүйелерінің тозығы 10 пайызға дейін төмендейді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау және ағынды су жүйесіне қолжетімділікті 81,8 пайызға жеткізу көзделуде. Осылайша 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында алдын ала жүргізілген есеп бойынша биылғы жартыжылдықта индикаторлар жоспарға сай орындалып отыр.

Мамыр айында Бөрлі ауданына жасаған сапары кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов белгіленген жұмыстар жоспарға сай жүріп жатқанын айтып, моноқаланың жыл өткен сайын әлеуеті артып, бесекеге қабілетті шаһар болып қалыптасып келе жатқанын жеткізді.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» ҚР Үкімет қаулысына сай қабылданған «2017 жылға дейінгі Ақсай қаласын дамыту кешенді жоспары» туралы бағдарламасы былтыр  аудандық мәслихат шешімімен «Бөрлі ауданының 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасымен» біріктірілді. Соның нәтижесінде биыл Ақсай қаласында біраз іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланды, кейбірі атқарылып жатыр. Олардың ішінде Ақсайдағы жолдар мен су құбырларды жөндеу, инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары мен  тұрғын үй құрылысын салуға ЖСҚ дайындау бар. Қазіргі таңда шаһардағы 4 көшеге орташа жөндеу жүргізу жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын жобаға аудан бюджетінен 583,5 млн.теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге ұзындығы 3,7 шақырым М.Ықсанов атындағы көшені күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Ол үшін қазынадан 422,5 млн.теңге қаражат қаралды. Бұдан басқа, 6 көшеге ұзындығы 2,85 шақырым болатын жол салынбақшы.

Ақсайлықтарды ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету мақсатында қала маңындағы Ақбұлақ су тоғанында 3-көтерме насостық станциясы салынып жатыр. Ұзындағы 2,046 шақырымды құрайтын су құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Оған жергілікті қазынадан 152,7 млн.теңге бөлінді. Ұлттық қор есебінен бөлінген 610,2 млн. теңгеге Ақсай қаласындағы 1, 4 және 5-шағын аудандардың жылу жүйесі мен электр желісін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмекші. Мұның өзі Ақсай қаласының ғана емес, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берері сөзсіз», — дейді Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Шамғонова.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0