среда, 24 апреля 2024 г.
icon
444.32
icon
473.33
icon
4.76
Алматы:
icon
22oC
Астана:
icon
8oC
1xadv
×

Теректіде ауыз су мәселесі шешілуде

Теректі - Ақ Жайық өңіріндегі ірі ауданның бірі. Облыс орталығына жақын орналасқан бұл ауданда ауыз су мәселесі жыл өткен сайын шешімін тауып келе жатыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында биыл мұндағы бес ауыл ауыз су тауқыметінен құтылмақшы, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Мәселен, Аңқаты ауылындағы су құбырын қайта құру жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде. «Тасқала Транс Газ» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 174 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Нысан толықтай аяқталған күнде 1200-дей адам, яғни 250 аула таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жаңартылған 18 шақырым құбырдың тәуліктік су өткізу нормасы 139 текше метр болса, жылдық нормасы 50,74 текше метрді құрамақ.

«Су құбырын қайта құру жұмыстарына сәуір айының соңында кірістік. Биылғы жылдың көктемі жауын-шашынды болғаны белгілі. Соған орай жер асты суларының деңгейі жоғары болып, жұмысымызға біраз кедергі келтірді. Жобалық-сметалық құжат жасалғанда жер асты сулары 2,5 метрде орналасқан деп көрсетілген еді. Бірақ 2 метр жерден шыққан су қазу, құбырларды көму, су мұнарасын тұрғызу, құдықтарды қою секілді жұмыстарға біраз қиындық туғызды. Әр үйге тарайтын су құбырларының жинағы орналасатын құдықтың тереңдігі үш метрден кем болмауы тиіс.  Дегенмен, қазылған арықтар мен құдық орындарына жиналған суды су сорғыштың көмегімен сорып алып, жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Бүгінде құрылыс нысанында серіктестіктің сегіз маманымен қатар осы ауылдың 15 тұрғыны жұмыс жасауда. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталуы керек. Қазір күн жақсарып, жер асты суының деңгейі төмендеді. Сол себепті жұмыс қарқыны да артып отыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, ауыл тұрғындарына уақтылы таза ауыз су береміз», — деді «Тасқала Транс Газ» серіктестігінің бөлім басшысы Абат Жоламанов.

Таза ауыз су құбыры әр үйдің ауласына дейін жеткізіліп беріледі. Су есептегіш құрылғыны да мердігер орнатады. Сонымен қатар мердігер компания ауылдағы мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жалғызбасты жандарға ауыз суды үйлеріне дейін кіргізіп беруді мойындарына алған.

Дәл осындай су құбырларын қайта құру жұмыстары 201 млн. 248 мың теңгеге Новопавлов ауылында, 255 млн. 965 мың теңгеге Ақжайық ауылында, 144 млн. 480 мың теңгеге Ақсуат ауылында атқарылуда. Сонымен қатар өткен жылдары табиғаттың тосын мінезі салдарынан Рыбцех елді мекенінен Сарыөмір ауылына қоныстанған 64 үйге де таза ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Барлық құрылыс жұмыстары 5-7 ай мерзімге есептелген. Демек, жыл соңында аудан аумағындағы бес ауылдың тұрғындары сапалы ауыз судың рақатын көрмек.

Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашевтың айтуынша, ағымдағы жылы Федоров ауылдық округіне қарасты Жайық ауылын таза ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

Таяуда Теректіде болған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0