Қазақстандық әнші Наркенже Серікбаева Дикий Арманның арқасында үй алғанын айтты, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Асау Арман өнер адамдарын Түркия, Дубайға алдырып, өнерін тамашалағаны жасырын емес. Сол кеште болған айтыскер Балғынбек Имашев «мені Айнұр Тұрсынбаева шақырды, Арманмен алыс-берісім жоқ» деп айтқан болатын.
«Ешқандай байланысым жоқ. Сол жерде бірінші көрдім ғой. Мені ол жерге шақырған Айнұр. Қонақ ретінде шақырды. Арман бізді ешқашан, еш жерге шақырған емес», ― деді ол.
Ал Арманның алдында «қазақ осы» деп сырқатқан әнші Наркенже Серікбаева Арманға алғысы шексіз екенін ашық айтты.
«Бәрі көрді ғой YouTube-тан доллар лақтырып жатқанын, сол түскеніне әуелі келдім де, осыннан үй алдым. Қазір 8 бөлмелі үйім бар, Аллаға шүкір. Одан кейін Дубайға бардық. Ол кісінің тағы да берген сыйлығына үйімнің ішін толтырдым. Кәдімгі түзу жолдағы, қазақ деп жаны ашитын ер азаматтың бірі, кәдімгі қазақтың батыры», ― деді Наркенже Серікбаева.
Қылмыс әлемінің серкесін көбі қандықол қарақшы дейді. Алайда қайырымдылық істерін де жоққа шығаруға болмайды. Жалпы Арман Жұмагелдиевтің төңірегінде ақылға сыймайтын жұмбақ сәттер көп. Қазақстанның құқық қорғау органдары оны халықаралық іздеуде жүр деген, ал Арман Instagram-да сол уақытта қайда жүргенін ашық көрсетіп, тіпті тікелей эфирге де шығып тұрды.
Бір күн бұрын қаңтар оқиғасы кезінде Дикий Арманның ұсталғаны туралы видео желіде тарады.
Еске сала кетейік, 7 қаңтарда Дикий Арман бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталған болатын.
Белгілі қылмыстық авторитет Алматыдағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілінгені белгілі болды.