Қобызға тіл бітірген Қорқытты әнге қосып танымал болған Гүлнұр Оразымбетова – шоқтығы биік әншілердің бірі. Ұлттық арнада талай тікелей эфирді тізгіндеп жүрген өнер иесін Қазақ телевизиясының 65 жылдығы төсбелгісімен марапатталғанына орай Nege.kz тілшісі арнайы сұхбат алды.
– Гүлнұр, «уақыт адамды өзгертеді» дейді ғой. Сіздің алғаш сахнаға келген жылдарға көз жүгіртсек, арада айырмашылық көп сияқты.
– Мен адами тұрғыдан өзгерген жоқпын, ал шығармашылығымда алға ұмтылыс пен даму болғаны анық. Себебі, репертуарымды толықтыру мақсатында ән өнеріндегі барлық жанрды қамтуға тырыстым. Қолымнан келгенше уақыт талабымен санаса отырып, заманауи тұрғыда туындылар ұсынуға тырысып жүрмін.
Мұны енді ілгерілеушілік деп түсіну керек шығар. Кез келген шығармашылық адамы бір деңгейде тұрып қалмауы қажет.
– Соңғы кезде әріптестеріңіздің репертуарынан ән орындап жүргеніңіз кейбір тыңдармандарыңызға жақпай қалған тәрізді...
– Басында айтып өткенімдей, заман талабына сай өзгерістен қалыспау керек. Жасыратыны жоқ, кавер орындау трендке айналды. Ал мен неге қолымнан келіп тұрса, трендтен қалуым керек?
Тыңдарманның барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Әркім талғамына қарай таңдау жасайды. Бірақ орындауымдағы кавер әндердің дерлігі өз тыңдармандарымның жүрегінен орын тапты деп нық сеніммен айта аламын.
Кей жерде салған әндерімнің алғашқы орындаушысын айтсам, кейбіреулер таң болып жатады. Сондықтан кавер орындауды шығармашылықтағы тоқырауға баламаймын.
– Сіздің сымбатыңызға қарап, соқталдай екі азаматтың анасы деу қиын. Күтіміңіз күшті ме, әлде заманауи сән индустриясының көмегіне жүгінесіз бе?
– Жасырмаймын, бұйырса, биыл 46 жасқа толамын. Бірақ табиғат берген бет-ажарыма өзгеріс енгізем деп ота жасатып көрмеппін. Бірақ міндетті түрде косметологқа барып, күтім жасатып отырамын. Себебі, теледидарға түсерде жағылатын түрлі бояулар бет терісіне ерте әжім түсіруі мүмкін.
Спортпен шұғылданамын, әрі дұрыс тамақтанамын. Дер кезінде дәрумендер ішіп тұруды әдетке айналдыру керек. Соның арқасында болар, кейде ұлдарыммен бірге сауда орталықтарына барғанда біреуі аяқасты «мама» деп қалса, жұрт жалт қарап жатады.
Содан кейін отбасындағы қарым-қатынас, істеп жатқан жұмысың, одан алар рахатың адамның көркін келтіретін сияқты. Жанұядағы жағдай әйелдің бет-әлпетінен көрініс табады.
Құдайға шүкір, отағасынан бастап, ұлдарым маған әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Бұл мені тыңдарман арасына шыққанда шабыттандыра түседі. Сондықтан қартаюға уақытым жоқ. Жұмысбасты болып кеткенде денсаулықты қалыс қалдыратынымыз бар. Дегенмен, бірінші байлық тәннің саулығы екенін естен шығармағанымыз жөн. Онсыз ешқандай жетістікке жету қиын.
– Айтпақшы, бір жылдары жарыңыз қымбат көлік сыйға тартып еді. Өткен әйелдер мерекесінде сол әдетінен жаңылмаған болар?
– Иә, ондай үлкен сыйлық бергені рас. Бірақ мен темір тұлпар тізгіндей алмайтын болғандықтан, ол отбасылық көлікке айналды.
Шынымды айтсам, қымбат мүлік, бриллиант деген дүниелерге аса қызығушылығым жоқ. Олардан гөрі қонақ күтетін әдемі ыдыс-аяқтарды жақсы көремін.
Сосын өзімнің жеке шығармашылығым мен ағайын-туыстың арасындағы сыйластықты бәрінен биік қоямын. Бренд қуу дегеннен де адамын. Сахналық киімдеріді отандық дизайнерлермен ақылдаса отырып тіктіремін.
– Той-томалақта өнер көрсетіп, халықтың қуанышына жиі ортақтасып жүресіз. Халықтың жағдайы мен қалтасына қарауға тырысасыз ба, әлде тұрақты түрде сұрайтын ақыңыз бар ма?
– Той-томалаққа шақырту жиі түседі. Бірақ қатып қалған қаламақым жоқ. Той иесінің жағдайын ескеруге тырысамын. Себебі, қазіргі уақытта елдің бәрі баршылықтан емес, баласының қызық-қуанышын көппен бөлісейін деп той жасайды. Өзін мақтан тұтты деп ойламаңыз, бірақ бұлайша қарашаның қалтасына қарайтын әншілер өте аз.