«Жігіттер» квартетінің мүшесі Айдар Тұрғамбек бір кездер тойға шығып, қыз ұзатқаны үшін жұрттан оңбай сын естіген болатын. Алайда әншінің өзі бұл сынды орынсыз деді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұрын қыз ұзатылғанда ән салмаған. Сыңсу деген болған, оның өзін қалыңдық ағайын-жұртымен қоштасу ретінде қыздың өзі салған. Мысалы, «Әкеңдей камқор болар-ау деумен, Тапсырдым сені кұдама, қызым», «Аршыған жұмыртқадай аппақ көркің, Өзіңдей қарындасты қайдан табам...» деген сынды ескі әндердегі жолдардан-ақ қыз бала ұзатылғанда ер азаматтардың тілегін әнмен жеткізгенін аңғаруға болады. Сондықтан бұл бізге таңсық емес. Оның үстіне мен бар болғаны әкесі мен ағасының ақжарма тілегін жеткізу мақсатында ән айтып тұрамын, ал жеңгелері жетектеп шығарып салады. Бұл біздің дәстүрімізде бар дүние болғандықтан, тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын», — дейді Айдар Тұрғамбек.
Әнші өнердегі басқа әріптестері секілді жеке кәсіп ашып, шәй шығаруды қолға алған болатын. Алайда ол бұл кәсібін тоқтатуға мәжбүо болған.
«Бір кездері шәй шығара бастаған сияқты едіңіз. Кәсібіңізді дөңгелете алдыңыз ба?» деген сауалға ол: «Жоқ, себебі мен серіктесті дұрыс таңдай алмадым. Анығын айтқанда, мені алдап, қарызға кіргізіп кетті. Дегенмен, адам таңдай алмағандықтан қателік өзімнен деп білемін», — деп жауап берді.