Денсаулығы сыр берген Жұлдыз Әбдікәрімова желіде жан сырынқатарып, ауруханаға қандай күйде түскенін айтып берді. Өнер иесі үйінде басын көтере алмай жатып қалған. Ауырып қалған кезде ол балалары қорқып қалмасын деп қатты уайымдағанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram-дағы парақшасында жазба жариялап, ауруханаға қандай күйде барғанын айтып берді.
«Балаларым қорқып қалмасын деп уайымдадым. Таң намазының уақыты еді. Солқылдап тұрған басымды әрең көтердім. Айнаға қарасам, көзім кіртиіп, бетім бозарып тұрды. Әдеттегідей қатты шаршаған болармын. Ұйқының ақысын берсем, жазылармын дедім. Таңғы 9-ды күтіп, жұмысқа хабарластым. Сол күнгі кездесу, түсірілімдердің барлығын кейінге шегеруді тапсырдым да қайта жатып қалдым. Бірақ, ұйықтай алмадым. Қос қолдап басымды құшақтап жата бердім. Балаларым кезек-кезек бөлмеге кіріп, менің күйімнен шошып кетті. Сезім мен Алау маған көрсетпей, бөлмелеріне барып жылап алған. Нарұл үлкен жігіт болып, дәрігер іздеп, дәрі беріп, айналасына хабарласып жатты. Хан жанымнан шықпай қойды. Түн ортасына дейін алыстым. Бас ауырғаны күшейе берді», — деп жазды актриса.
Өнер иесі басы ауырғанға шыдай алмай, көмекке құрбысын шақыртқан. Ол Әбдікәрімованы ауруханаға апарып, дәрігерлерге қаратқан.
«Құрбыма хабарластым. Шыдай алар еместігімді естігенде, 10 минутта келді де, ауруханаға жедел жеткізді. Дәрігерлер бірден жатыңыз деді. Үйдегі балаларым не болады деген оймен, күндізгі стационарда емделемін деп шештім. Бүгін міне бір апта, үй мен аурухананың ортасындамын. Бас ауырғаны сейілер емес. Емделіп жүргеніме балаларым үйренісіп, ақпаратты қабылдай алатындай уақыт болды. Енді ауруханаға жатуға болады. Ана - баланың санасында әлем. Әлем шайқалса оларға не болады?Маған деген жылы тілектеріңізді оқып жатырмын. Алғысым шексіз», — деп жазды ол.