2025 жылдың 4–7 қараша аралығында Батыс Қазақстан облысында спорттық құзға өрмелеуден облыс чемпионаты өтуде, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жарысқа өңірдің әр ауданынан келген 11 команда, барлығы 92 спортшы қатысуда.
Чемпионаттың басты мақсаты — спорттық құзға өрмелеуді дамыту, жас спортшылардың шеберлігін арттыру және облыстың үздік өрмелеушілерін анықтау болып табылады.
Бағдарламаға сәйкес қатысушылар үш қашықтық бойынша сынға түсуде: «Қиындық», «Жылдамдық» және «Командалық эстафета».
Алғашқы күні өткен «Қиындық» қашықтығында спортшылар өздерінің төзімділігі мен техникалық шеберліктерін көрсетті.
Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша Бөрлі, Жәнібек және Ақжайық аудандарының спортшылары жүлделі орындарға ие болды.
Жарыстың алдағы күндері спортшыларды тағы екі қашықтық — «Жылдамдық» және «Командалық эстафета» сайыстары күтуде.
Бұл кезеңдерде командалар жылдамдық, үйлесімділік және тактикалық дайындықтарын сынайтын болады. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдары, медальдарымен марапатталады.
Батыс Қазақстан облысының спорттық құзға өрмелеу чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылар мен көрермендерге ерекше әсер қалдыруда.