Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік – достық мекені» кездесулер керуеніне 5500-ден аса жас қатысты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің мамандары хабарлады.
«Оңтүстік – достық мекені» кездесулер керуені 2 кезең бойынша: 2015 жылғы 21-30 қыркүйек (І кезең) және 12-15 қазан күндері (ІІ кезең) аралығында өтті.І және ІІ кезеңдерде барлығы 15 аудан, қалалар қамтылды.
І кезеңде 2500-ге жуық адам, ал ІІ кезеңде 3000-нан астам адам, барлығы 5500-ден астам жастар қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты– жергілікті жерлердегі көпэтносты ауыл жастарына Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол!» Жолдауын және 5 институционалды реформасын жүзеге асыруда белгіленген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» ІV реформасын түсіндіріп, оларды ашық әңгіме алаңына тарту, пікірлер алмасу.
Алғашқы топтың бағыты Қазығұрт, Шардара, Мақтарал, Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандары болса, екінші бағыттағы топ Ордабасы, Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау, Шымкент қалаларында жұмыс жүргізді.
Кездесу барысында «Мәңгілік Ел», «Үлкен ел – үлкен отбасы» сынды ауқымды жобалардың іске асырылуы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясындағы құндылықтарды қазіргі оқу бағдарламасына кіргізу және технологиялық жобаларды енгізуді қарастырып отырған «Менің елім» сынды жобалар туралы айтылды.
Соның тағы бір мақсаты, кез-келген азаматқа және шетелік туристерге Қазақстан жайлы толық мәлімет беретін «Қазақстан энциклопедиясы» атты ауқымды ғаламтор жобасын іске асыру болып табылады.
«Жоспардың әр кезеңінің орындалуы аймақтардағы өзекжары мәселердің шешілуін, мемлекеттік органдар мен азаматттық сектор арасындағы байланыстың нығаюын, оларға деген сенімнің артуын қамтамасыз етеді. Әлеуметтік топтағы министрліктер, жергілікті басқарушы органдар және жалпы қазақстандық қоғам алдындағы басты мақсат, Елбасы Ұлт жоспарында қойған 5 реформаны іске асыра отырып, нақты нәтижеге жету болып табылады», – деді қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің мамандары.