Павлодар қалалық мәслихаттың депутаттары Павлодар қаласына іргелес оранласқан Жетекші және Кенжекөл ауылдарындағы «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысымен танысты, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Көшпелі отырыс барысында Жетекші ауылының әкімі Күлбаршын Баубекова халық қалаулыларына 2016 жылы жолдар мен көшелерді жөндеуге және жаңа балалар ойын алаңының құрылысына бөлінген 11 миллион теңге толық игерілгенін мәлім етті.
«Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы бойынша бізге екі миллион теңге бөлінді. Осы ақшаға жолдағы шұңқырларды жауып, балалар ойын алаңы орнатылды. Сонымен қатар, ауыл бюджетіне жолдарды жөндеуге тоғыз миллион теңге жіберілді. Алдағы жылу науқанына толықтай дайынбыз», — деді Күлбаршын Баубекова.
Бұдан басқа, депутаттар электрқазандық арқылы жылынатын ауылдық мектепке барып қайтты.
Жетекші мектебінің директоры Руслан Оспановтың айтуынша, мектепте қуаттылығы 144 кВт екі электр қазандығымен дұрыс жұмыс істеу үшін қызметкерлер арнайы оқудан өткен. Осы жылы жылу жүйесін ішінара жөнделіп, 2015 жылы 700 мың теңгеге қазандықты ауыстырылған. Сондай-ақ, биыл мектеп ішінде дәретханалар орнатылған. Мұнда 267 оқушы білім алады және 50 бүлдіршін шағын орталықта тәрбиеленуде.
Өз кезегінде қалалық мәслихаттың депутаты Зәуреш Мұқашева Павлодар қаласына қарасты ауылда үш жылдың ішінде біршама оң өзгерістер бар екенін атап өтті. 2013 жылға дейін аталмыш ауылдық аймақ Павлодар ауданы әкімдігінің қарамағында болған.
Бұдан кейін Кенжекөл ауылына ат басын бұрған депутаттарға балалар музыка мектебінің директоры Шәмшия Жағапарова қаржы тапшылығына байланысты мәдениет үйіне қоныс аудара алмай отырғандары жайлы мәлім етті.
«Облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда лауреат және жеңімпаз атағына ие 75 оқушысы бар балалар музыкалық мектебінде бес бағыт бойынша 75 оқушы оқиды. Бұл біздің ғимарат емес. Оны жалға алып отырмыз. Мектеп ғимаратына 50 жыл толды. Қазіргі уақытта оның жағдайы нашар. Балалар арнайы дайындалған музыкалық сыныптарда оқыса дейміз. Мәдениет үйінің құрылысы тек қана 2018 жылға ғана белгіленген», — деді Шәмшия Жағапарова.
Бұл жағдайға қатысты Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Несібелді Ақтайлақова қаражаттың негізгі бөлігі апатты үйінділерді шығарып, саябақты көріктендіру және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалардың жазғы мезгілде жұмыс істегендері үшін ақысын төлеуге жұмсалғанын алға тартты.
«Ең алдымен біз саябақты абаттандырдық. Кенжекөл ауылдық округіне қатысты Кенжекөл, Байдала және Долгое ауылдарын қоқыстан тазарттық. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы арқылы бізге 3,5 миллион теңге бөлінді. Осы қаражатқа балалар ойын алаңдарын орнатып, екі көшенің жолын жөндедік», — деді әкім.