воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-1oC
×

Екібастұз өңіріндегі Қылдыкөл шатқалында Солтан қожа кесенесі ашылды

Екібастұз аймағындағы Қылдыкөл шатқалында Исабек ишан тарихи-мәдени кешеніндегі құрылысы аяқталған Солтан қожа кесенесінде Құрбан айттың алғашқы күні ас берілді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Кешеннің тұсаукесері биыл Солтан қожаның туылғанына 120 және өзінен соң таяғына ие боп, дін-ағарту ісін жалғастырған Исабек ишан шөбересі Жандарбек қожа Қожахметұлының туылғанына 110 жыл толуына орайластырылды. Елдің көнекөз ақсақалдарының, айтулы шараның басты ұйымдастырушыларының бірі Әбілхақ Балғабайұлының айтуынша, ерте хандық дәуірдегі хандар резиденциясы болған Ақкөл-Жайылма елдімекенінің ел ішінде әулиелі Ақкөл аталуы тегін емес. Бұған археологиялық-қазба жұмыстарының нәтижесі дәлел болмақ.

«Бұл өлке - Жеміс әулие өмір кешкен, 18 ғ. басынан арқаға діннің туын тіккен Исабек ишан хазірет таяғын шаншып, дін исламды таратқан жер. Түйте әулиенің ізі, таңбалы тас қалып, сол маңдағы тоғыз көлдің бірі Әулиекөл аталған. Айтулы шараның мақсаты - өткен тарихты санада жаңғыртып, кейінгіге таныту, өткенге салауат айту», — дейді Әбілхақ Түгелбаев.

Айта кетерлігі, ел ішінде «Атам басы» аталып кеткен қорымда Ертіс-Баян өңіріне ислам дінін таратуда елге еңбегі сіңген дін қайртакері Исабек ишан және оның діни-ағартушылық қызметін жалғастырған ұрпақтары мәңгілік мекен тапқан. Соның ішінде халық арасында Солтан қожа аталған, Исабек ишанның немересі Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлының да зираты бар.

Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлы 1896-1962ж.ж. аралығында өмір сүрген. Жас күнінде Уфа қаласында діни білім алған. Ол дінге тыйым салынған кеңес дәуірі тұсында өмір сүргеніне қарамастан, имандылық жолында халыққа қызмет етіп, әділдігі, ақыл-парасаты, алдағыны болжай білген ерекше қасиетімен елге қадірі артқан тұлға болған. Бұл күні «Ұлы дала тұлғалары» тақырыбында өткен рухани-танымдық шараға аймақ басшысы Болат Бақауов, облысымыздың құрметті азаматтары, белгілі өнер қайраткерлері, дін өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістері мен Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыкалы драма театрының өнерпаздары сахналық көріністер ұсынып, қаламгер Жассерік Сәдуақасовтың Солтан қожа өміріне арналған «Иман ұялаған Ақкөл-Жайылма» атты кітабы жарыққа шықты.

Игілікті іске үлес қосқан ел азаматтарының ішінде Ә.Түгелбаев, З.Құсайынов, Ж.Хамзин сияқты қоғам қайраткерлері бар. Биіктігі сегіз метр, ақ силикат кірпіштен салынған кесененің құрылысына Т.Әбуғожинов, ағайынды Таһир, Шухрат Ибрагимовтар, М.Алғамбаров, Б.Мусин, А.Адамов сияқты азаматтар, шырақшы Ерғали, Солтан қожаның Рақып, Барбар атты балаларынан тараған ұрпақтары қаржылай қолдау көрсеткен.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0