Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында теолог-ғалымдардан және имам-молдалардан құралған ақпараттық түсіндіру тобы жергілікті тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы ОҚО Діс істері басқармасын жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Семинар-кеңес мемлекеттік органдар мен мекеме қызметкерлеріне, жергілікті дін өкілдеріне, теолог-ғалымдарға, білім беру саласының қызметкерлеріне және жастарға арналды. Басты мақсат – деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету, жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетуінен сақтау, адасқан жандарды дәстүрлі ислам жолына қайтару болып табылады.
Семинар барысында дінтанушы Медет Халықов баяндама жасап, асыл дініміздің құндылықтары жайында айтып берді. Атап айтқанда, исламдағы бала тәрбиесі, ата-анаға деген құрмет, мемлекет пен заңға бағыну сынды өзекті жайттар талқыланды. Сонымен қатар, ұлттық идеология, қазақтың ұстанған дәстүрлі исламы тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ.
Жиын соңында семинарға қатысушылар дін мамандарынан көкейде жүрген сұрақтарына жауап алып, жастар пікір алмасты. Семинар-кеңес соңында қатысушыларға арнайы әдістемелік құралдар мен сертефикаттар табыс етілді.
Айта кетейік, дәл осындай кездесулер Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан-қалаларында өткізіліп келеді. Тіпті, шалғайда орналасқан елдімекендерге де дін мамандары барып, жергілікті тұрғындармен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мұндай алдын алу шараларының жаппай өтуіне биылғы жаз айларында Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардың себеп болғанын да айта кету керек. Дін атын жамылған салафилік ағым ұстанушылары аталған терактілер кезінде оннан астам адамды ажал құштырған болатын.