понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-5oC
Астана:
icon
-3oC
×

Павлодарда Музей түніне 600-ден астам адам келді

Павлодарда осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған Музей түніне 600-ден астам адам келді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша,  бұл соңғы жылдары тіркелген рекордтық көрсеткіш десе болады.

«Билеттердің барлығы әп сәтте саудаланып кетті. Былтыр Музей түнін өткізу үшін Ленин көшесі уақытша жабылған. Өкінішке орай, биыл бұл көшедегі көлік қозғалысына шектеу қойылмады. Себебі осы бағытта маршруттық автобустар қатынайды. Десе де, павлодарлықтар шара басталмас бұрын экскурсияға тапсырыс беріп жатты. Бұдан басқа, 12 жасқа дейінгі балаларға тегін кіру  мүмкіндігі ұсынылды. Сондықтан жас өрендердің қарасы қалың болды. «Тарихтың жанды парақтары» шарасы кешкі сағат алтыда басталып, бес сағатқа созылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының  назарына тарихи оқиғаларға қатысқан атақты тұлғалардың бейнелерін сомдаған кейіпкерлер, музейдегі жәдігерлер жаңа қырынан көрсетілді. Әлеуметтік маңызы  зор «Музей  түні» шарасының мақсаты – кешенде сақталып тұрған мағыналы экспонаттармен жоғары сынып оқушыларын, студенттерді таныстыру.   Ол халықты өткенін саралауға, бүгінін бағалауға ғана шақырмайды, бірлігін бекемдеуге, құндылығын қастерлеуге үндейді», — дейді Г. Әлиева.

Мекеме басшылығының айтуынша,  өткен жылы Потанин атындағы музейдің алдындағы алаңда жәрмеңке ұйымдастырылып, түрлі  тарихи кезеңнен қойылымдар ұсынылған. Көше бойы  19 ғасырда өмір сүрген бойжеткен қыздармен қол ұстасып, серуендеп жүрген Ұлы Отан соғысы кезіндегі сарбаздарды, пионерлер мен көпестерді көруге болатын. Балалар үшін қуыршақтар театры жұмыс істеген. Тіпті, сарбаз ботқасынан дәм татып,  тарихи тұлғалармен  естелік суреттерге түсу мүмкіндігі ұсынылған.

Еске сала кетейік,  18 мамыр — Халықаралық музей күні әлем бойынша 1977 жылдан бері аталып  өтеді. Сол жылы Мәскеу мен Ленинград қалаларында өткен Халықаралық музейлер Кеңесінің 11-конференциясында Халықаралық музей күнін атап өту жайлы шешім қабылданған болатын.

Айта кетерлігі, Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі облыстағы ірі ғылыми-зерттеу және мәдени-насихаттау орталығының бірі болып саналады. Мәдени нысан 1942 жылы «Қазақстанды зерттеу орталығының» облыстық бөлімшесі негізінде құрылған болатын. Музейдің негізін фотосуретші, өлкетанушы Дмитрий Поликарпович Багаев қалаған.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0