пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
0oC
Астана:
icon
-5oC
×

Ақтауда «Ел тәуелсіздігіне 25 жыл: Болашағымыз бірлікте!» атты форум өтті

Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында «Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) арасындағы өзара қарым-қатынас» тақырыбында VII Азаматтық форум өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Диалогтық алаңды Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Маңғыстау облысы Азаматтық альянсы» бірлестігі ұйымдастырды.

Азаматтық форумның жұмысына аудан мен қала әкімдері, мемлекеттік орган басшылары, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттың депутаттары, ҮЕҰ мен кәсіподақ жетекшілері, саяси партиялардың, БАҚ, діни ұйымдардың, отандық және шетелдік бизнес компаниялардың өкілдері қатысты.

Форум өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтік жобалар көрмесінен басталды.

Форумға қатысушылар мемлекеттік органдармен, бизнес және үкіметтік емес ұйымдармен жасалған әріптестіктің оң нәтижелерін атап өтіп, бірлесудің жаңа бағыттарын белгіледі.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, билік пен ҮЕҰ арасындағы әріптестіктің басым бағыттары отбасы мен неке институтын,  жанұялық дәстүрлерді, салауатты өмір салтын насихаттайтын, дарынды жастардың шығармашылығын дамытатын, тарихи және мәдени мұраларға деген сыйластықты, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына,  еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге, мүгедек жандарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына деген қамқорлық сезімдерін оятатын жобалар болуы қажет.

Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы табысты қарым-қатынастың  бірі ретінде осы жылы Маңғыстау облысында ғана бастау алған «ҮЕҰ-ғы менеджмент» оқу бағдарламасын атап өтуге болады. Оған аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың 34 өкілі тыңдарман болды.

«Сіздің артықшылығыңыз – жұмыстағы жоғары мобильділік пен атаулы көмектеріңіз. ҮЕҰ-дарды қоғамдық маңызды шешімдер қабылдайтын сарапшылық жұмыстарға кеңінен тарту қажет. Аудан мен қала әкімдері ҮЕҰ-дардың қолдауымен жергілікті деңгейде шаралар кешенін дайындап, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет. Бұл орайда ҮЕҰ-дардың қатысуымен Қоғамдық кеңестердің мүмкіншіліктерін жоғары тұрғыда пайдалану керек. Мемлекетті бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен оның пайдаланылуы алаңдатады. Сондықтан біздің тарапымыздан іске асырылатын әлеуметтік жобалардың сапасы тұрғысынан ҮЕҰ-дарға деген талап күшейтіледі. Әртүрлі мәселелер бойынша тұрақты диалогқа негізделген бірлескен жұмыс қана алдымызға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Алик Айдарбаев.

Маңғыстау облысында ресми түрде 508 ұйым тіркелген, оның ішінде қазіргі уақытта 382 ұйым қызмет етіп, 90-ны белсенді жұмыс жасап тұр.

ҮЕҰ-дардың 40%-ы әлеуметтік қорғау саласында, 20%-ы жастар саясаты, 16%-ы салауатты өмір салтын қалыптастыру саласында, 9%-ы азаматтардың құқығын қорғау саласында қызмет етсе, ал қалған 15%-ы білім саласының сапасын арттырумен, өңірдегі экологиялық тұрақтылықты сақтаумен, гендерлік саясатты жүзеге асырумен айналысады.

«Үкіметтік емес ұйымдарды дамытуда және азаматтық қоғам мен мемлекттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудағы басты рөлді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс атқарады. Егер 2006 жылы облыстық бюджеттен коммерциялық емес салаға барлығы 14 млн.теңге қарастырылған болса, 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі 240 млн.теңгеге артты. Бұл қаржыға 40 ҮЕҰ 18 жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып 87 әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Барлық аудандар мен қалаларда ҮЕҰ-дарды қолдауға және дамытуға бағытталған ресурстық орталықтар қызмет етеді. Облыстағы үкіметтік емес салалардың жұмысына 1,5 мыңнан астам адам жұмылдырылды», — деді Маңғыстау облысындағы «Азаматтық альянс» бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.

Форум жұмысының барысында қоғамдағы мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік жобалар шеңберінде биліктің, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін одан әрі дамыту, қоғамдық ұйымдардың аудан мен ауыл өміріне араласуы, бизнес пен халықаралық ұйымдар субъектілерінің әріптестік жобалары талқыланды.

Сондай-ақ, форум кезінде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс –әлеуметтік мәселелерді шешуге азаматтық қоғамның ат салысуы», «ҮЕҰ-ның аймақтың дамуы мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы» тақырыптарында сұхбат алаңдары өтті.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өңірдегі азаматтық қоғам қызметінің дамуына зор үлесін қосып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйымдарға Алғыс хаттар табыстады.

Форумның қорытындысы бойынша қатысушылар осы жылдың 25-қараша күні Астана қаласында өтетін республикалық VII Азаматтық форумға Маңғыстау атынан қатысатын делегаттарды сайлады.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: