Діни экстремизм мен терроризмнің жастарға келтіретін қаупі қандай? Бүгін Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дін мамандарымен осы тақырыпты талқылады. Шараны ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ ұйымдастырып отыр.
Оқушыларға теріс діни ағымдардың залалы туралы аталған орталықтың қызметкерлері Б.Омарбаев пен Б.Заманханов айтып берді. Дін мамандары баяндама оқып, тақырыпқа қатысты бірнеше мысалдар келтірді және бейнероликтер көрсетті.
Іс-шара барысында оқушыларға экстремизм, терроризм және секта ұғымдары түсіндірілді.
«Ислам – бейбітшілік және тыныштық діні. Ислам – кісі қанын мойнына жүктеп, елдің арасына іріткі, ылаң салып, террорлық іс-әрекеттерге баруға қатаң тыйым салады. Террорлық іс-әрекеттер болған елде бейбіт тұрғындар әсіресе жастар көп зардап шегіп, елдің берекесі кетеді», - деді кездесу барысында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ өкілі Б.Омарбаев.
Жиын соңында оқушыларға орталық тарапынан дайындалған «Бала тәрбиесі және діни бүліктер» және «Қазіргі таңдағы неосәләфиттік ағым» атты кітаптар жинағы таратылып, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға дәлелді, дәйекті жауаптар қайтарылды.
Айта кетейік, дәл осындай кездесулер Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан-қалаларында өткізіліп келеді. Тіпті, шалғайда орналасқан елдімекендерге де дін мамандары барып, жергілікті тұрғындармен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мұндай алдын алу шараларының жаппай өтуіне биылғы жаз айларында Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардың себеп болғанын да айта кету керек. Дін атын жамылған салафилік ағым ұстанушылары аталған терактілер кезінде оннан астам адамды ажал құштырған болатын.