ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен Шымкенттегі №76 орта мектепте оқушылардың діни сауатын ашу мақсатында мамандармен кездесу болып өтті. Іс-шара террористік және кері ағымдар мен секталардың алдын алуды көздейді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Кездесуге аталған орталықтың өкілдері, «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыр және үйлестіру» бөлімінің маманы Ғ.Аппазов және «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу» бөлімінің маманы Б.Заманханов қатысып, оқушыларға «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндірді. Сондай-ақ, дін мамандары Қазақстандағы дін саясаты, дәстүрлі дін және түрлі діни ағымдар туралы, діни экстремизм туралы жалпы айтты. Дәстүрлі дін туралы түсініктеме беріп, өзге де діни секталар туралы, олардың ықпалына түспеу және олардың қоғамның дамуына келтіретін зияны туралы толықтай айтып өтті. Дәстүрлі діндер тарихы туралы ақпараттандыру, деструктивті ағымдар қызметінің мағынасын ашу, дәстүрлі діндер тарихын насихаттады.
«Ғаламтор арқылы экстремистік топтар мен ұйымдар өз идеяларын таратып, қатарларын көбейтуде. Ол жерден жастар радикалды бағытты ұстанатын салафилік лидерлердің бейнежазбаларынан жихадқа шығу, шейіт болу мәселелері жөніндегі уағыздарын тыңдайды. Құран аяттары мен хадистерді бұрмалап түсіндіруге тырысатын мұндай уағыздар жастар санасына кері әсер ететіні даусыз. Бүгінгі жастар интернет әлеміне емін-еркін кіреді, жеке аккаунттарын ашып, кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады. Міне, осы кезде діни сауаты, таным-түсінігі қалыптасып үлгермеген буынның теріс пиғылды топтардың тұзағына түсіп қалуы да оп-оңай. Жастарымыздың бір бөлігінің ғаламтор желілері арқылы теріс идеологиялардың арбауына тез ілініп, қолшоқпары болып кеткені де рас. Себебі, радикалдық топтар ғаламтор желілері арқылы дәстүрлі емес, экстремистік идеологияларын таратуда. Сол себепті, ғаламторда діни уағыз-насихаттарды таратушы ақпараттық деректерге назар аударған дұрыс», — дейді дін мамандары кездесуді қорытындылаған соң.
Ал, жиыннан кейін туындаған сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды.