Бүгін аймақ басшысы Ералы Тоғжанов олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлде иегері Әділбек Ниязымбетовпен кездесті, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Кездесуде Ералы Лұқпанұлы спортшыға Грин Парк тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
«Өздеріңіз білесіздер, Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдеге ие болып, алдыңғы олимпиададағы нәтижесін сақтап қалды. Күллі әлем біздің боксшымыздың көрсеткен өнеріне тәнті болып, оны алтын жүлдеге лайық деп бағалаған болатын. Олардың қатарында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Мен де өз кезегімде спорттық даңғыл жолыңа сәттілік пен зор табыс тілеймін. Елбасымыздың бұл сыйлығы мықты жанұяның іргетасын қалауыңа өте жақсы ықпал болады деп сенемін», — деді өз сөзінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде Әділбек Ниязымбетов оған көрсетіп жатқан сый-құрметке шексіз алғысын білдірді.
«Алдағы уақытта да өз жеңістеріммен сіздердің үміттеріңіз бен сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Маңғыстауда менің жолымды жалғар спортқа бейім ұрпақ көбейіп келе жатқанына сенімдімін және оны қуанышпен айта аламын», — деді чемпион.