Қазақстандық әнші Бүркіт «Ресей ― мықты мемлекет және әлі де мықты болады» деп жазып, Украинаға жақтаспағаны үшін көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қайрат бауырым, үгіттеуіңді доғарсаңшы. Ресей ― мықты мемлекет және мықты болып қала береді де! Бұл жерде дұрыс істеп жатқандар жоқ. Әркімнің өз шындығы бар! Соғыс деген жаман! Бірақ мәселенің түп тамырына назар аударған жөн», ― деп ол Қайрат Құдайбергеннің Украинаны қолдаған жазбасының астына жазба қалдырған болатын.
Алайда көпшілік оны бұл сөзі үшін сөгіп тастады.
Бұнымен қоса әншіге қатысты пікір білдірген журналист Серік Аббас-шах «Іштен шыққан жау жаман», «Мен мұны басқаша бағалай алмаймын» деп мәлімдеді.
Читайте также: «Мир стал хрупким»: Реакция казахстанских артистов на ситуацию в Украине
«Бүркіт бауырымыздың қырағы көзі Украинадағы үлкен қалалардың бір апта ішінде жермен-жексен болғанын, бейбіт халықтың күн сайын оқ пен от астында малша қырылып, балабақша-мектептер мен емхана-ауруханалар бомба-снаряд нөпірінің астында қалғанын көрсе керек-ті. Үлкендермен бірге бейкүнә бүлдіршіндер де қаны бұзық Путиннің бұйрығымен қырылып жатқанын көрсе керек-ті. Көрмеуі мүмкін емес. Сөйте тұра, соғыс отын тұтатқан өз отаны үшін кешірім сұраған ресейлік азамат туралы роликті таратуға үзілді-кесілді қарсылық білдіріпті», ― деп жазды ол Facebook парақшасына.
Осы оқиғадан кейін Бүркіттің өзі де парақшасына жазба қалдырып, саясаткер еместігін және ешқашан ұлтқа бөлінбейтінін айтты.
«Соғыс жаман. Қалай айтсам да, мен болып жатқан жағдайға, әрине, қарсымын! Жәй, қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Дұрыс болсын, бұрыс болсын, бұның бәрі жақсылыққа әкелмейді. Кішкентайымыздан орыс болсын көршілеріміз, грек, украин, өзбек болсын, бәріміз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Қазіргі жағдайға қарасаң, денең түршігеді. Бейбітшілік болсыншы. Мен барлық адамдарды жақсы көремін және ешқашан ұлтқа бөлмеймін», ― деп жазды ол Instagram парақшасына.