суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-6oC
×

Алматы облысында 9 жастағы баланы төбет талап кетті

Алматы облысының Ақсеңгір ауылында 9 жастағы баланы төбет талап кетті, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап.

Фото: Almaty.tv
Фото: Almaty.tv

Абдырап қалған анасы қанжоса болған баласын азулы иттің аранынан әрең арашалап қалған. Оның сөзінше, ауылда қаңғыған ит көп. Тіпті жайылымдағы малға да шапқан кез болған.

Ал аталмыш ауылдың әкімдігі Жамбыл ауданында ит аулайтын бір ғана бригаданың жетіспейтіндігіне жапты. Халиф түсінде де тыным таппайды. Өзін қанжоса еткен иттен әбден шошып қалған бала әр нәрсені бір айтып, түнімен сандырақтап шығады.

«Мақпал келіп баланы әкелді. Жер қан. Менің де денем қалтырап кетті. Басымдағы ақ орамалды шешіп алдым да жараны байладым. Терісі ашылып кеткен», — деді апасы Базаркүл Алманова.

«Енді баланың бас терісін айырып тастаған. Жедел жәрдем көлігі де ауыл арасында ғана жүреді деді. Көлігіммен апардым. Жолда жүрегі айнып, нашарлап кетті», — деді әкесі Дастан Әбілқайыров.

Жеткіншекті талаған төбеттің иесін тауып жазалау керек деген әкесі, бұған дейін де учаскелік полицияға арыз түсірдім дейді. Өйткені құтырған иттің қарасы күн санап көбейгенін ауыл жұрты біліп жүрген.

«Жайылып жүрген малды қуалап жүріп жеді. Өздері видеоға түсіріп әкімшілікке жіберді Бірақ ешқандай шара қолданылмады. Ит деген жетеді бұл маңайда. Таңертең балаларымыз сабаққа барады, қорқамыз», — деді Ақсеңгір ауылының тұрғыны Айгүл Саяхат.

Ауыл басындағы бордақының кесірінен, ит-құс көбейіп кетті дейді тұрғындар. Себебі сойған малдың ішек-қарнын қалай болса-солай тастайтын көрінеді. Ал болар іс болып, бояуы сіңген соң ғана ауыл басшылығы мәселені бақылауға аламыз деп ақталды.

«Арыз түскен. Өзім үш рет келдім, осы ақпан айында 31 ит аулап кеттік. Тағы сұраныс беріп қойдық, олар негізі ақпан айында келген, бірге араладық. Қолымыздан келгенше көмектесеміз ғой», — деді Ақсеңгір ауылдық округі әкімінің орынбасары Әсет Бердисов.

Ал қатты шошып қалған бала қазір Қалалық балалар шұғыл медициналық орталығында ем алып жатыр.

«Қабылдау бөлімінде баланы бөлімшеге жатқыздық. Келгендегі баланың жағдайы орташа, ауыр. Қазір де солай. Бірақ динамикалық жағдайы тұрақты», — деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова.

Азулыдан азап көрген ақсеңгірліктер аталмыш жағдайдың алдын алу үшін мамандар жауапсыз болмаса екен дейді. Сонымен қатар адамға шапқан төбеттің иесін тауып, жазасын беруді сұрап отыр. Ауыл азаматтарының сөзінше, бұған дейін де ит талаған жағдай жиі болған. 2200 тұрғыны Ақсеңгір ауылында мәселінің шешілмей жатқаныны ұзақ жыл болыпты.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0