пятница, 29 марта 2024 г.
icon
448.15
icon
483.46
icon
4.86
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
5oC
1xadv
×

Парижде тұратын этникалық қазақ Францияда қандастарымыз немен айналысатынын айтты

Қазақстаннан жырақта өмір сүретін қазақтар саны жеті миллионнан асып жығылады. Олардың ішінде этникалық қазақтар да бар. Маусымның басында ғана Парижде Еуропа қазақтарының құрылтайы өткен еді. Бір қаланың өзінде түркі қазақтарының 236 үйі бар екен. Бұл туралы Франциядағы қазақ ұлттық мәдени қоғамы төрағасы Есімхан Нәзір айтып отыр. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол Париждегі қазақтар тіршілігі мен жақында болған қазақтар құрылтайы қалай өткенін айтып берді.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

Есімхан Нәзір 1986 жылы Парижге оқу мақсатында көшіп келген. Содан бері осында тұрақтаған. Франциядағы түркі қазақтары қауымдастығының президенті Түркияда туып өскен. Жұбайы және отбасымен бірге ел астанасында тұрып жатқанына 35 жыл болыпты.

«Түркияның Стамбұл қаласында туып өстім. 18 жасыма дейін Түркияда тұрып, содан соң Парижге келдім. Мені осында оқуға әпкем шақырды. Екі жыл оқу оқыдым, алайда жағдай жақсы болмаған соң оқуды тастап, жұмысқа тұруға тура келді. Мұнда жүріп лицейді бітірдім. Қазіргі уақытта түрікше, қазақша, французша сөйлеймін. Қазақшаны ата-апамнан үйренгенмін. Әрине, бойымда қазақтың қаны бар. Сондықтан қазақ тілін ұмытпай келе жатырмын», – дейді Нәзір.

Түркі қазақтары қауымдастығы қазақ тілін ұмытпау, ата жұртының мәдениеті мен құндылықтарын жалғастыру мақсатын арқалайды.

Апта сайын қауымдастық шаралар өткізеді, қауымдастық мүшелерімен кездесулер, бас қосулар болып тұрады.

«Түркі қазақтары қауымдастығын қазақ-түрік, француз қауымдастығы деп айтуға болады. Бұл қоғам 1984 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Маған дейін осында тұрған ағаларымыз оған жетекшілік еткен. Соның ішінде менің алдымда Мамыт Саваш деген ағамыз төрағалық еткен. Өзім қауымдастық басшысы болғаныма 7-8 ай ғана болды», – дейді ол.

Маусымның басында ғана Францияның Париж қаласында Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы өткен болатын. Екі күнге жалғасқан шараға 1300 адам Еуропаның жан-жағынан келген. Кездесу барысында Еуропа қазақтары бірлестігі жаңа басшылығы және алдағы жұмыс жоспарын белгілеген.

Ал жасөпірімдер асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындардан өзара бақ сынасқан. Құрылтай пандемияға байланысты үш жыл өткізілмеген екен.

Сондай-ақ, кездесуде ҚР Француз Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев, Франциядағы қазақ ұлттық мәдени қоғамы төрағасы Нәзір Есімхан, Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының жетекшілері, «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы мен Еуропа қазақтары қатысқан.

Қауымдастық президенті Есімхан Нәзір күнделікті тіршілігі жайлы да айтып берді. Өзі қауымдастықтағы қызметінен бөлек, логистика саласында негізгі жұмысы бар. Париждегі «Шарль де голь» әуежайында жұмыс істейді. Отбасылы, үш баласы бар.

«Жұбайым да қазақ. Екеуміз Түркиядан бірге келдік. Балаларым қазақша шамалы біледі. Айтқанымды түсінеді. Үйде қазақша, түрікше сөйлесеміз, ал сыртта французша тілдесеміз. Осылайша үш тілде қарым-қатынас жасаймыз.

Үлкен қызым 26 жаста. Былтыр тұрмысқа шықты. Енді екі ұл балам 20, 18-де, екеуі де Париждегі университтерде оқиды. Оқу сапасы бойынша айтсам, Еуропа алдыда келетіні белгілі ғой. Түркияда білім алғандардың көбі жұмыс таба алмай, Еуропаға кетті. Мұнда университтерде тегін оқуға болады, жақсы оқыған студенттерге шәкіртақы беріледі. Мәселен, менің ұлым ай сайын 300 еуро (147 мың теңге) шамасында шәкіртақы алады», – дейді қауымдастық жетекшісі.

Былтырғы есеп бойынша Францияда 236 қазақ өмір сүруде. Барлығы Түркиядан көшкен қазақтар. Олар әртүрлі салада қызмет етеді. Есімхан Нәзірдің сөзінше, көбіне фабрикада жұмыс істейді, әуежайларда істейтіндер де бар. Ал жастарға жақсы фирмаларда жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Париждегі қазақтардың жағдайы жақсы, Түркиямен салыстырғанда анағұрлым жоғары дейді қандасымыз. Сөзінше, Париждегі орташа жалақы да жаман емес.

«Мәселен, ай сайынғы менің жалақым 2500 еуро (1 млн 230 мың теңге). Бұл біз үшін жақсы жалақы саналады. Әйелім де компанияда жұмыс істейді», – дейді Нәзір.

Айтуынша, қазіргі уақытта көшіп келетіндерге Парижде жағдай жасау қиындай түскен. Тұруға мүмкіндік беретін құжатты алу оңай емес. Ол үшін осындағы француз азаматы не азаматшасымен некеге тұру керек. Ал жұмыс істеу үшін келгендерге жалақысы жоғары компанияларға кіруге болады дейді ол.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 3

В статье: