Баян Алагөзова соңғы 20 жылдықта қоғамда орын алған өзгерістер жайлы сөз етті. Продюсердің айтуынша, ертеректе адамдар бір-бірінің киген киімі мен бетіне жаққан бояуына мән бермейтін. Ал бүгінде бәрі басқаша. Бұл туралы Баян Мақсатқызы Harpers Bazaar басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Менің анам қысқа юбка киді, оны ешкім сынаған жоқ. Әжем ернін жарқын түсті далаппен бояды, оны ешкім сынамады. Ал қазір бәрі өзгерді», – дейді продюсер.
Мақсатқызы қысқа етекті көйлек кигені үшін сынға жиі ілігеді. Алайда елдің сөзі оны аса алаңдатпайды. Есесіне медиа саласында жүрген әріптестерім елдің пікіріне тәуелді деп қынжылды ол.
«Медиа саласында қызмет атқаратын әріптес құрбыларымның көбісі елдің сөзіне баса мән береді. Ол менің қоршаған ортам болғандықтан, мен қоғамдағы соңғы үрдістер жайлы жазамын. Бірақ жалғыздың үні шықпайды. Көптеген адамдар өзгелердің жетегінде кетеді, бұл өкінішті. Ал сол көпшілік мұны тиімді пайдаланады. Өзгелердің пікіріне тәуелді болу дұрыс емес деп санаймын», – дейді Мақсатқызы.
Сөз соңында Алагөзова ештеңе қарамастан, киіну стилін өзгертпейтінін атап өтті.
«Физикалық көрсеткіштерім мүмкіндік беріп тұрған уақытта және қысқа юбкамен өзімді ыңғайлы сезінсем, тағы үш немерем дүниеге келсе де, мені бұл тоқтатпайды. Бұл өзара байланысты деп ойламаймын. Жалпы, мұндағы логика қайда, түсінбеймін. «Сен енді әжесің, әлі қысқа юбка киіп жүрсің» дейді. Сен жеке адамсың ғой. Сол сияқты сенің немерең де бөлек тұлға», – деп түйіндеді ол.
Алагөзованың пікірінше, әдептілікті сақтау керек, бірақ шеңберден шықпаған жөн.
«Мысалы, көкірегің әдемі болса, өзің танымайтын адамдардың жетегінде кетіп, оларға ыңғайлы болатындай киінуің керек пе? Маған мүлдем әсер етпейді, ренжітпейді де, маған қатысы да жоқ», – дейді ол.
Баян ханым көбінесе өзіне сенімсіз, бойында қандай да комплекстері бар, ешқандай табысқа жетпеген адамдар өзгелерге ақыл айтып, мін тағады деген пікірді алға тартты. Ол оқыған, толыққанды тұлға болып қалыптасқан адамдардың бірінші топтағылардың пікіріне мән беретініне қынжылды.
Алагөзованың пайымынша, қоғамның бұлай өзгеруіне түрлі радикалды ағымдар себеп болған.
«Бізде бұрын орамалды қыздар да болмайтын. Яғни менің оған еш қарсылығым жоқ, бірақ ол біздікі емес еді. Бірақ қазір ол біздің қоғамның бір бөлшегі және біз оны қабылдадық. Өйткені ол – адамдардың таңдауы. Содан келіп жабық киінуге болады деген пікір қалыптасты. Бұған дейін ашық-шашық киінгеніміз ешкімнің есінде емес. Мен атеистік қоғамда өстім. Бізге Құдай жоқ деп үйрететін. Ол да радикалды қадам еді. Кеңес үкіметі өзі сондай радикалды еді.
Білесіз, мешіттер мен шіркеулерді және соған қатыстының бәрін бұзды. Мен сол кезеңде тәрбиелендім. Бірақ оны ешқашан қабылдаған емеспін. Мұның маған қатысы жоқ деп ойлайтынмын. Иә, мүмкін, сіздер үшін Құдай жоқ шығар, бірақ мен үшін әрқашанда бар. Тек оның түр-тұлғасы қандай, артынан қалдырған өсиет-уағыздары қандай, білмедім. Сондықтан мен ортасындамын. Радикализмге қарсымын, бірақ кеңестік жағындамын, есесіне Құдайдың бар екенін мойындаймын», – дейді Алагөзова.
Продюсер қоғамда әр кез білімді және надан адамдардың болатынын айтады. Алайда бүгінде зиялы қауым өкілдерінің азайғанын атап өтті.
«Бізден барлық зиялы қауымды кетірді. Бізде ғалымдар немесе жазушылар жоқ немесе біз олар туралы ештеңе білмейміз. Қазір әлеуметтік желіде танымал адамдар қоғамның көрінісі. Ал ол жерде кез келген адам болуы мүмкін. Дұрыс идеология әзірге жоқ. Ал ол болуы керек. Қазіргі идеология – әлеуметтік желілер. Егер көкірегіңді жалаңаштасаң, сен мықтысың. Балағат сөздерін қолдансаң, сен күштісің, түсінесіз бе? Мұның барлығына әлеуметтік желілер жол ашты. Бұл жаман демеймін. Өйткені тәрбиелі, саналы адам тіпті жаманның ішінен ең жақсысын тауып алады. Ал ештеңені түсінбеген адам жаманның жаманын теріп алады», – дейді продюсер.
Алагөзова қазіргі жаңалықтарда педофилдер мен көгілдірлер туралы жиі жазылатынын атап өтті. Оның ойынша, олар бұрынырақ та болған. Тек ол кезде насихатталмаған.