суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-6oC
×

Марат Омаровтың АҚШ-тан зәулім үй алып, көшіп кеткені рас па?

Карантиннен кейін өнер иелері шетелге көшіп жатыр. Солардың бірі — Марат Омаров. «Әнші мұхит асып Америкаға көшіп кетіпті. Тіпті қымбат зәулім үй сатып алыпты» деген сыбыс ел аузында өріп жүр. Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Stan.kz тілшісі әншіден экслюзив сұхбат алды.

Фото: Instagram / marat_omarov_kz
Фото: Instagram / marat_omarov_kz

– Марат аға, ел ішінде сізді «Лос-Анджелестен зәулім үй сатып алып, АҚШ-қа толық қоныс аударды» деген сыбыс өріп жүр. Рас па?

– Аузыңызға май. Әр қазаққа Америкада да, Қазақстанда да зәулім үй бұйырсын. Бірақ енді бұл шындық емес. Америкаға 2021 жылдың 14 желтоқсанында ұшып келгенмін. Мақсатым – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақтың туын көтеру. Филадельфия қаласында ту көтердік. Одан кейін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Нью-Йоркте ту көтердік. Кейін Чикаго, Майями, Хьюстон, Лос-Анджелес және тағы басқа біраз қалаларды аралап, жеке концертімді өткіздім. Қазір Лос-Анджелесте тұрып жатқаныма жарты жыл болды. Біраз келісімшарттар мен ұсыныстар болғандықтан әзірге Америкада жұмыс жасау мақсатында тұрып жатырмыз.

– Егер құпия болмаса, қандай ұсыныстар түсуде? Өзіңіздің өнеріңізге байланысты ма, әлде қызыңыз Бибімариямға қатысты ма?

– Америка мен Қазақстанның өнердегі алтын көпірі болсам деген ниетім бар. Өзіңіз білесіз, Лос-Анджелес – шоу-бизнестің отаны. Қазір осы қалада киноға музыка жазу барысында ізденістеміз. Және осы қаладан кино өнерін дамытатын, шыңдайтын мектеп ашсам деген ойым бар. Әзірге сол мақсатқа жету жолында жұмыс жасаудамыз.

– Ал АҚШ-та тұрақтап қалу жоспарда жоқ па?

– Америкада тұрақтап қалу жоспарда жоқ. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылды ұстанатын қазақпын. Бірақ қолымнан келіп тұрғандықтан осындай алпауыт ел мен Қазақстанның арасындағы алтын көпір болғым келеді. Қазақтың әнін, салт-дәстүрін, мәдениетін осы елге паш етсем деймін.

– Америкадағы қазақ жастары мен Қазақстандағы жастардың арасында айырмашылық бар ма?

– Америкадағы қазақ балалары мен Қазақстандағы балалардың айырмашылығы үлкен. Қазақстандағы балалар ата-анасы, өзінің елі болғандықтан сенімді жайбарақат жүреді. Ал бұл елге келген қазақ баласы жай жатпайды. Себебі бұл ел – нағыз қымбатшылықтың отаны. Сондықтан жастар әр минут, секундты бағалап жұмыс істеп, нәпақасын тауып, уақытын бағалап үйренеді. Қанша қымбат болса да, жұмыс табу мүмкіндігі үлкен. Тіл білмесе де, өте жоғары жалақымен жұмыс табу оңай. Қуантатыны, көптеген қазақ жастары тіл білмесе де, қара жұмыстан бастап қазір бизнесте жетістікке жетіп жүр. Оларды көргенде «міне, қазақтың жастары, қазақтың еңбекқорлығы» деп марқайып қалам.

– Өзіңіз айтқандай, Америкада өмір сүру қымбат. Сізге бұл елде өмір сүру қаншалықты қаржылық жағынан тиімді?

– Әрине, Америкада қымбатшылық. Алайда адам құқығы қорғалған. Мысалы, несиенің пайызы өте төмен. Жемқорлық деген жоқ. Өзің тапқан ақшаң өзіңе жұмсалады. Заң өте жақсы жұмыс жасайды. Әрине, қымбатшылық деп қашып, әрекет жасамай жатуға болмайды. Америкада демалып жүрген жоқпыз. Жұмыс жасап, нәпақамызды тауып, қазақ өнеріне үлесімді қоссам деген басты миссиямызды атқарып жүрміз.

– Қазір көптеген әріптестеріңіз Instagram-да белсенділік танытып, қосымша табыс көзіне айналдыруда. Мысалы, стористе жарнама жасау үшін кемінде 100 мың теңге алатындар да бар екен. Бірақ сіздің парақшаңызға қарасақ мүлдем белсенді емессіз. Неліктен?

– Instagram-ға қатты көңіл бөлетін уақыт жоқ. Сондықтан әйтеуір өзім бөлісетін жаңалықтарымды салып қоямын. Ал Instagram-да жарнама жасап, ақша табу тіпті ойыма да келмепті. Мен үшін табыс адал әрі еңбекпен келу керек. Өзімнің өнерімнен, жұмыстарымнан тапқан табысым өзіме, отбасыма жеткілікті.

Что думаете об этом?
Нравится 2
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0