Қазақстандық шоумен әрі актер Дәурен Айдарқұлов ажырасқанына өкінетінін мойындады. Сондай-ақ қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысқанын айтты. Әртіс елдегі ажырасу саны көп екеніне алаңдап, оларды азайтуды көздеп отыр, деп хабарлады Stan.kz.
Дәурен Айдарқұлов Instagram желісінде әлеуметтік жобаға қатысып жатқанын, оның басты мақсаты Қазақстандағы ажырасу санын азайту екенін мәлімдеді.
«Екі рет некеде болдым, екеуінен де ажырастым.Бірінші некеде үш балам бар, екіншісінде екі балам бар. Ажырасқаныма өкінемін бе?Иә! Қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырыстым ба? Иә! Менің ажырасқаныма кім кінәлі? Мен! Қазақстанда әрбір төртінші отбасы ажырасады және бір отбасының орташа ұзақтығы 7-10 жыл шамасында. Өкінішке қарай, балалар пайда болған кезде отбасылар ыдырайды», — деп атап өтті шоумен.
Сондай-ақ Дәурен Қазақстанның жер көлемі бойынша ғана емес, ажырасу саны жағынан да әлемде тоғызыншы орында тұрғанына қынжылады. Айта кетейік, Economist журналының мәліметінше, біздің еліміз бірнеше жыл бұрын ажырасулар саны бойынша алғашқы ондыққа кірген.
«Мен бұл сандарды өзімді ақтамау үшін айтып отырған жоқпын. Жоқ! Мен сіздерге Қазақстанның отбасы институтының қандай аянышты жағдайда екенін көрсеткім келеді», — деді әртіс.
Еске салайық, 2020 жылдың жазында Дәурен Айдарқұлов екінші әйелі әнші Ақбота-Нұр Сейтмағамбетпен ажырасқан болатын. Шоумен екі ажырасуға да кінәлі өзі екенін мойындады.