Осыдан бірнеше күн бұрын отандық әнші Мадина Сәдуақасованың бетін тойда белгісіз ер адам сүйіп алған болатын. Өнер иесі «MOM'sкий әңгіме» бағдарламасында осы оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Сол видео ТikTok желісінің жұлдызы болып жатыр ғой, сол сүйкімсіз видео. Енді адам шынымен бірнәрседен жиіркеніп кетсе, тітіркеніп қалады ғой. Қалай айтсам екен... Ондай жағдай бізде өте, өте көп болады. Мен негізі өнерге келген кезде, әнші - сахнада, көрермен - залда болатын.
Сәл танымал бола бастағанда, «енді шығып келе жатқан әнші» деп құрметтеп, жаныңа жақындамайды. Келген кезде әдемі гүл шоғын береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің тура есігімнің алдында жылқыны сыйға тартты. Ол адамның әлі күнге кім екенін білмеймін.
Бірақ сол сыйлық бар. Гүл береді, «Сізден қолтаңба алуға болады ма?» деп, бетіңе қарайды. Енді ол кезде суретке түсу жоқ, әлеуметтік желі жоқ. Бізді жақындастырған - әлеуметтік желі. Дұрыс па, дұрыс емес пе, бірақ қазір бәрі араласып кетті. Кейбір кісілер билет алды, тойға қонақ болып келді. Ол әншіні көргісі келеді.
Мен ән айтып жатқан кезде неше түрлі жағдайлар болады. Ән айтып тұрсам, «Қозғалмай тұра тұрыңызшы, мен суретке түсіріп алайыншы» дейді. Ән айтып тұрсаң, камерамен келеді. Өте түсініксіз жағдай... Кейде әрине, бұл дұрыс емес, мен ән айтуға келдім ғой деп ойлаймын.
Уақытым болса, мен барлығымен суретке түсуге тырысамын. Өзі суретке түсіретін жер беріледі, шетке тұрып суретке түсе береміз. Ал ол тура сахнаның үстінде түсірілім бар, оператор бар, басқа шақырылған жастар мен үлкен кісілер бар. Тіпті тойдың өзінде жеке шекараң бұзылады, былық болып жатыр. Тойдың иесі өз тойында былықты қалайды ма? Жоқ!
Ол өз тойының әдемі өткенін қалайды. Уақыт өте келе адам үйреніп кетеді екен. Қазір әлеуметтік желіде менімен түскен суретін белгілеуді алып тастадым. Өйткені, ашып қарасам, шошып кеттім. Неше түрлі суреттер бар. Адамдармен суретке түсуге өзім бейімделіп алдым.
Бір жағынан ол кісілерді де түсінемін. Сол сәтті пайдаланып, естелік суретке түсіп алғың келеді. Ол да адамның қалыпты бір ойы. Мен түсінбеймін, кім оны реттейді?» — деді Мадина Сәдуақасова.
Сонымен қатар әнші әлеуметтік желіге таралған видеоның Шымкент қаласында болғанын айтты.
«Ол оқиға Шымкентте болды. Біз Қайрат Нұртас екеуіміз концертке келдік. Біз қол ұстасып алдық. Адамдар екеуіміздің ортамызда тұрғысы келіп, екі жаққа лақтырып жатыр. Қайрат екеуіміз ымдап, қолымыздан ұстап алдық. Сосын Қайрат кетті ме, әлде мен кеттім бе, әйтеуір жалғыз қалған сәтте сахнаға күйеуімен әйелі көтерілді.
Әйелі менің бір қырыма келді, ал екінші жағымнан ол кісі келді. Енді ол кісіге қазір жаман ұят болып жатқан шығар. Сол онша емес сәтпен бүкіл желіні жаулап алдық. Негізі күлеміз-ау?
Түрім бәрін айтты ғой, өте жағымсыз болды. Әдейі соны біреу түсіріп алған сияқты. Арнайы жасалған видео сияқты көрініп қалды. Негізі оны кесіп алып, қозғалысын азайтқан. Түрім жаман болып кетті. Ер адамдардан өтініп сұрағым келеді, біз өнер адамымыз. Сол сәтте сіздің алдыңызға келіп қалдық. Бірақ сол сәтте сүйіп, құшақтау, тістеу өте дұрыс емес. Қалай болса да сыйлап, құрметтеу керек. Өнер адамымын, әйел адаммын», — деді Мадина Сәдуақасова.