Оңтүстік Қазақстан облысында этно-мәдени бірлестіктертуралы мәліметтер базасы жасалуда.
Оған облыстағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін этномәдени бірлестіктер мен этнос өкілдері тарапынан көтерілген мәселелер бойынша ақпараттар, облыс аумағындағы этностардың лидерлері, ақсақалдары және белсенділері мен этнобағытталған БАҚ туралы мәліметтердің дерекқорлары, этномәдени бірлестіктердің жанындағы жастар қанаттарының жұмыстары бойынша мәліметтер енеді. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этно-мәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу бөлімінің мамандары хабарлады.
Аталмыш бөлім мамандарының хабарлауынша, «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени бірлестіктермен ұлтаралық келісімді және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау саласында өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтастық туралы меморандум түзіліп, бүгінгі таңда бірлестіктерге танысу үшін жолданған. Бірлестіктердің ой-пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп, қажет жағдайда толықтырулар енгізіліп, меморандум қабылданатын болады.
Этно-мәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу бөлімі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай іс-шараларға облыстағы барлық этномәдени бірлестіктерді қатыстыру жұмыстарымен айналысады.
Мәселен, «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде өткен «Бұл-біздің таулар!» фестиваліне, Оңтүстік Қазақстан облысындағы түрлі этномәдени бірлестіктер арасында өткізілетін «Менің Қазақстаным!» фестиваліне, «Шекарасыз ән» фестиваліне, патриоттық әндер конкурсына, спорттық спартакиадаға, «Этномәдени бірлестіктер және салт-дәстүр сабақтастығы» фестиваліне, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ұйымдастырылған «Қазақстан халқы тілдері» күніне байланысты өткізілген «Ана тілім-қасиетім, ардағым!» фестиваліне облыстағы барлық этномәдени бірлестіктер қатысты.
«Этностар тілі, мәдениеті және салт-дәстүрлері» іс-шараларын бүгінгі күнге дейін 16 ЭМБ өткізді. Бұлардан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай әртүрлі мемлекеттік органдар мен мекемелер тарапынан өткізілген іс-шараларға облыстық этномәдени бірлестіктер қатысып, өнер көрсетті.
Алматы облысында мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының аясында «Тілдерді үйретудің инновациялық тәсілдері» семинар-тренингі өткізіліп, оған ОҚО «Қоғамдық келісім» КММ-нен аталмыш бөлімнің қызметкері Алиев Алишер қатысып қайтты. Ол семинар-тренинг барысында жинақталған тәжірбиесін бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімдігінің «Тілдерді үйрету орталығы» КММ-мен бірлесіп этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл үйрету курстарына топтар ұйымдастыруда.