+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (707) 888 02 16
11.11.2016 в 20:36

Қазақ жастары неге жат ағымдардың жетегінде кетті?

Кешегі Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан кейін-ақ дін мамандары еліміздегі жат ағымның жетегінде жүрген жандардың санын шығара бастады. Әрине, олардың нақты дәл санын ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, Дін істері комитеті уахабилік-салафилік идеологияны жақтаушылардың ресми саны шамамен 15 мың адамнан асатынын айтты.

Оңтүстікқазақстандық дін өкілдері де адасқандардың санын дереу шығара қойды. Мамандардың сөзіне сенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында ресми түрде 3 мыңға жуық адам исламның ішіндегі салафизм ағымын ұстанатын көрінеді. Тағы айтамыз, бұл тек шамалап алған көрсеткіш қана. Дәстүрлі емес исламды ұстанатындардың саны шынында бұл көрсеткіштен бірнеше есеге көп болуы мүмкін.

Мейлі, қазір адасқандардың санын анықтап отыратын кез емес. Бастысы – оларды дәстүрлі исламды ұстанушылардың қатарына қайтару керек. Ол үшін қазір елімізде де, Оңтүстік Қазақстан облысында да жұмыстардың қызу жүріп жатқаны белгілі. Ал, дінтанушы ғалым Мұхан Исахан жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің себептерін өзінше түсіндіріп берді. Ендеше ғалымның пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Көген көз жас буынның қағынан жеріген асау құландай өз үйіріне үрке қарап, өз болмысына өгейсіп қарауының саяси, тарихи, діни, этнографиялық және т.б. көптеген дәйекті себептері бар. Соның ең бастысына тоқталар болсақ, өткен ғасырда жетпіс жылдан астам уақыт үстемдік құрған Кеңес үкіметінің қанқұйлы атеистік саясаты халқымызды ділінен айырып, сан ғасырлар бойы санасында таңбаланған рухани игіліктерді шайып жіберді.

Кеңес үкіметі алғашқы жылдары дінге кеңшілікпен қарағанмен, 1929 жылы «Діни бірлестіктер туралы» пәрменді қаулы қабылдап, Құдай атқыр осы  низамның аясында жаппай мешіт-медіреселерді жауып, оны малқораға айналдырды, қожа-молдаларды қуғындады. Ел ішінде жамағат болып құлшылық қылу былай тұрсын, қайтқан кісінің жаназасын шығару, садақасын беру секілді діни салт-жоралардың орындалуына ада-күде тиым салынды. Осы жылы араб жазуы латын әліпбиіне ауыстырылып, діни кітаптар тәркіленіп, оны пайдаланушылар қатаң жазаға тартылды. Қарсы келгендер итжеккенге айдалды, мырышқа түйрелді, оққа байланды. Жер-жерде «құдайсыздар қоғамы» құрылып, атеистік идеология мемлекеттік тұрғыда насихатталды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде генсек Сталин фащистік Германияға қарсы мұсылмандарды «жиһадқа» жегу үшін Исламға біршама оң қабақ танытқан сықылды көрінгенімен, жалпы Кеңес үкіметі құрылғаннан құлағанға дейінгі мерзім ішінде халықты дінсіздендіруді жүйелі түрде дәйім жалғастырып отырды. Кеңес үкіметінің бұл терісазу саясаты сол кезеңдегі тұтас ұрпақтың байырғы рухани сорабынан ауытқып, ата-баба ұстанымына мүлде теріс, жат жатырда тәрбиеленуіне жол ашты. Түптеп келенде бұл озбыр саясат халықтың жаппай мәңгірттенуіне әкеліп соқты.

Тоқсан бірінші жылы Тәңір жарылқап, Кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Іле-шала «Алла-һайлап» дінді ұстануға еркіндік бердік. Бірақ, жетпіс жыл төл нанымынан айырылып қалған ел діни мәселелерді көгертуде тәжірибесі болмағандықтан, көптеген шалағайлыққа жол беріп алды. Ол шалағайлықтан майырылған топшының бірі тарихи тәжірибемізге сүйенбестен, діни мәселелерді реттеуде классиккалық (лайцизм) зайырлық үлгісін қабылдауымыз, яғни қазақстандық преференциялық зайырлылық модельін қалыптастырмауымыз болса, екіншісі исламға бет бұрған жастарға дұрыс жөн-жосық, бағыт-бағдар көрсете алмауымыз еді.

Сол абдыраған тәуелсіздіктің алғашқы жылдары классикалық зайырлылық болып саналған Францияның дін мәселелерін реттеудегі үлгісін ұстануымыз елімізге жан-жақтан көптеген секталардың ағылуына жол ашты. Осының кесірінен талай қаракөз бауырларымыз рухани қарғыбауланып, жат ағымдардың жетегінде кетті. Талай бауырымыз бөтегесі бүлкілдеп, ағайынынан ажырап қалды. Талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Ал, исламға бет бұрған жас лектың басым бөлігі ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Ханафи мәзһабына қайшы келетін теріс діни ұстанымдарға барып ұйлықты. Шетелдердегі нәмі жат найсаптардан ілім алған дүмшелер елге оралған соң бодандықтың көрінде жатып, әрең аман қалған салт-дәстүріміздің жұрнақтарына осқырына қарап, «құрсақ шашар – куфр», «бесік той – бидға», «беташар – ширк» деп өз жұртына келіп лаң салып, елді алатайдай бүлдіруге көшті.

Әлбетте, жеткен жетістігіміз де, көрген қасіретіміз де Тәңір-Тағаланың илаһи тағдыры екендігі талассыз ақиқат. Әйткенмен, егер де ұлтымыз әлгінде айтқан Кеңес үкіметінің дінсіз, тас-түнек тамұғын бастан кешірмегенде, одан бертінде көрер жарығымыз болған тәуелсіздік алған жылдары желіккен жастарды бет-бетімен жібермей, діни білім алу мен оны ұстануда ғапылдыққа жол бермегенде, еліміз қазіргідей ғаріп күйге түспес еді деп ойлаймын.   

Самые интересные новости в нашем Telegram-канале


Редакция

Новости Казахстана

ИА «NewTimes.kz» ЗАПРЕЩАЕТ копировать и перепечатывать материалы агентства с пометкой «Эксклюзив», а также их фрагменты. ЗАПРЕТ распространяется на все зарегистрированные СМИ, а также паблики в Instagram. Полное воспроизведение или частичное цитирование других материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы могут быть скопированы и размещены только с подписью «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. 
Реклама на сайте

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика