Меруерт Түсіпбаева қазақстандық SCAT әуе компаниясына шағымданды. Әнші белгісіз себеппен ұшақтың екі сағатқа кешігіп ұшқанын, бұл аралықта адамдардың жағдайы нашарлағанын хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтанға жол тартқан әнші ұшақ бортынан видео жариялады.
«Қазақстан авиациясында кім тәртіп орната алады? Қыруар ақша төлеп, осы рейстерді күтеміз. Бізді жабық ұшақта, ауа жоқ жерде екі сағат бойы ұстап отыр. SCAT, шара қолданыңыздар. Бізге Нұр-Сұлтан әуежайы жабық деді, басқа ештеңе түсіндірген жоқ», — деді Түсіпбаева.
Әншінің айтуынша, ауа жетіспеушілігінің салдарынан, ұшақтың ұшуын күтіп отырған жолаушылардың жағдайы нашарлаған. Ақырында олар ұшудан бас тартқан.
«Жағдайы нашарлаған адамдарды алып кетуге келді. Бұған кім жауап береді? Билеттердің бағасы удай. Адамдарға ауа жетпей, жүректері қысылып, есік аузына баруда. Ескі ұшақта вентиляция жоқтың қасы. 50 шақты адамды 2 сағатқа жуық жабық жерде ұстап отыр», — дейді Түсіпбаева.
Ақырында әнші елордаға уақытынан екі сағатқа кеш келгенін айтты.
«Енді борт қызметкерлері жолаушының жағдайы нашарлағандықтан, рейс кешікті деп жатыр. Бірақ басында олай деген жоқ. Біз енді ұшаққа отырған кезде: «Нұр-Сұлтан әуежайы рейстерді қабылдамай жатыр, сондықтан рейс 25 минутқа кешігеді», деп хабарланды. Сол уақыттың ішінде ауа жетіспегендіктен, адамдардың жағдайы расымен де нашарлай бастады», — деп түсіндірді Түсіпбаева.