Танымал актер Шәріп Серік әнші Say Mo-мен ажырасуының себебін алғаш рет ашып айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы актер журналист Аман Тасығанның Talk Like жобасына берген сұхбатында айтқан.
Шәріп Серіктің сөзінше, экс-жары Say Mo-мен ажырасып кетуіне анасы мен келінінің арасындағы жанжал себеп болыпты.
«Ол кезде мен түсірілім жұмыстарыммен Грузияда болдым. Анам Мөлдірге үйге қонақтар келді, үйге тез жет деген. Ал ол болса келе алмайтынын, жұмыстарының барын айтқан. Содан ұрыс басталды. Мөлдір маған звондады. «Неге сенің мамаң сөйтіп жатыр. Мен ондай келін емеспін» деді. Оның да сөзінің жаны бар. Анама: «Ол – сенің келінің. Бірақ затың емес, малайың емес» дедім. Атыраудан қонақтар келген. Ол деген біраз жер ғой. Ал анам оның шешесімен қыдырып жүрген суретін Instagram-нан көріпті. Дәлірек айтсақ, «келінің қыдырып жүр ғой» деп сол жердегі қонақтар көрсеткен. Анам дереу Say Mo-ның анасына қоңырау шалып, суреттерді өшіріп тастауды өтінген», — дейді актер.
Алайда осыдан кейін Say Mo «актердің анасы бізге күн көрсетпейді» деп жамандап, желіге бірнеше жазба жариялаған. Әншінің бұл әрекеті күйеуінің намысына қатты тиген.
«Мен ажырасамын дедім. Біраз нәрсе айтты, ол менің намысыма тиді. Мені барлық жерден бұғаттап тастады. Қой десем қоймай, посттарды бірінен соң бірін жаза берді. Менің жүйкем жұқарып, талып қалдым. Көзімді ашсам, реонимобильде жатырмын. Микроинсульт алған екенмін. Оң жақ бетім тартып қалды. Содан ұйықтай алмадым. Ұйықтататын дәрі береді, сонда да ұйықтамадым», — дейді Шәріп Серік.