Талантты театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова жеке өмірі, шығармашылығындағы қиын кезеңдер мен қуанышты сәттерін оқырманмен бөлісті. Актрисаның драмаға толы өмірі жайлы сұқбат «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланды.
Сұқбат кезінде журналист актрисаның сүйіктісі өмірден өткен сәтте рөл сомдаған кезін еске салды.
«Ол қаралы күні репертуарда «Келіндер көтерілісі» комедиясы болатын. Өзі өте ұзақ қойылым. Жолдасымның қазасын спектакльге екі сағат қалғанда естідім. Бірақ менің қолымнан не келеді? Не істерімді білмей дәрменсіз күйде Талғат Теменовке қоңырау шалдым: «Билет сатылып кетті, ауыстыра қоятын да адам жоқ. Енді не істейсің? Жинал!», — деді», — деп сол кезді есіне алды Лидия Кәденова.
Актриса сол күні спектакльді аяғына дейін ойнап шықққанын атап өтті. Бұл жағдайды ол тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын айтты.
«Қасымдағыларға: «Мен ойнап болғанша біреуің келмеңдер қасыма" деп грим бөлмемді тарс жауып алдым. Ойнап шыққаннан кейін ғана есік ашық дедім. Сырттай күліп, сахнада билеп жүргеніммен ішім алай-дүлей болып жатқан еді. Бірақ амал қанша, бұл өмір ғой. Ондай жағдайлар болады. Хадиша Бөкеева апаларымның басынан да мұндай жағдай өткен. Ол кезде біреулер әдейі телеграмманы әкеліп берген деп еститінбіз. Мені де тағдыр сынаған екен. Сынбай көтеруге тырысып бақтым. Оңай болмады», — деп жауап берді актриса.
Лидия Кәденова қандай жағдай боламасын сахнада әртіс ештеңені білдірмей көрермен алдындағы міндетін орындауы тиіс деп санайтынын тілге тиек етті.
«Мәселен, өзің өліп қалып, сахнаға шыға алмай қалсаң, онда себебін түсіндіруге болады. Ал мынадай жағдайда не деп айтады? Оған көрермен кінәлі емес. Сондықтан ештеңені білдірмей ойнап шығуға тура келеді. Әртіссің бе, демек ол – сенің міндетің», — деді сұқбатында актриса.