Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында жас өнерпаздар Қазақстан халқы Ассамблеясыжәне Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығымен, сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап үлкен концерт қойды.
Іс-шараны Түлкібас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы бірлесе ұйымдастырды.
«НұрОтан» партиясыныңТүлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Нұранов жиылған жұртты биыл мемлекеттік деңгейде аталып өткен төрт айтулы мерекемен құттықтап, осы бағыттағы іс-шаралардың абыроймен, биік деңгейде өткізілгенін, оның бәрі қазақстандықтардың татулығы мен бірлігінің арқасында іске асқанын ерекше атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді мемлекеттік маңызды мерейтойлар қатарында аталып өтті. Қатарында аталып қана қоймай, тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнадық. Ендеше, бұндай органға осыншама мемлекеттік мән беретін оның ерекшелігі нешік? Мәселені осы тұрғысынан алсақ та Ассамблеяның қоғамдағы орнының маңыздылығын мейлінше түсінер едік. Өйткені, Ассамблеяның басты ұраны - Ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде - елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат», - деп атап өткен А.Нұранов концертке келушілерді жас өнерпаздарды қолдауға шақырды.
Іс-шарада вокалды аспаптан құралған «Ақжелкен» ансамблі, «Түлкібас құрамасы» көңілді тапқырлар клубы, аудандық және ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері асқақ әнімен тәтті күйін, көңілді әзілдерін халыққа ұсынды.