Созақ ауданында «Баба тарих. Ата Заң. Ұлы бірлік» тақырыбында «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өтті.
Аталмыс шараны, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Мұсабеков жүргізді. Тақырып аясында аудан әкімінің орынбасары Сәуле Еденбаева хабарлама жасады, - деп хабарлады Созақ ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
«Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін», –деп қортындылады өз сөзін аудан әкімінің орынбасары Сәуле Еденбаева.
Жарыссөзе шыққан ауданның Құрметті азаматы Керімбек Есенбек бүгінгі қоғамда белең алып отырған кереғар діннен сақтану жолдары туралы айта келе, отандастарды ел бірлігін сақтауға, ауызбіршілікте болуға, жастарды осы бағытта тәрбиелеуге шақырды.
Созақ ауданындағы А. Жұбанов атындағы саз мектебінің директоры Е. Досболов теріскей өңірі қашанда татулықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқанын айта келе, бүгінгі форумның маңызына тоқталды.
Облыс орталығынан бастау алған жиын аудан көлемінде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Жиын соңында аудан әкімі береке-бірліктің ұйытқысы болып жүрген бірқатар азаматтар мен ардагерлерді марапаттады.
Форум аясында «Баба тарих. Ата Заң. Ұлы бірлікке» қатысты бірқатар қарар қабылданып, алдағы уақытта атқарылар іс- шаралар жоспарлары түзіліп, ауылдар мен елді мекендерде, білім ошақтарында түрлі жиындар өткізілетін болады.