23 маусымда өмірден өткен ресейлік танымал әнші Юрий Шатуновты балалар үйінде бауырына басқан өкіл анасы туралы дерек жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жөнінде қазақстандық журналист Айнұр Мұратова Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Белгілі музыкант Юра Шатунов қайтыс болыпты. Бала кезімнен әндерін жақсы көруші ем. «Ласковый майдың» әндерімен өстік десем де болады. Жақсы көрген адамыңды ұлтыңа жақындатқың кеп тұрады ғой. Менің тапқаным, Шатуновты тәрбиелеген, талантын тап басып, дұрыс жолды таңдауына дәнекер болған жанның қазақ әйелі болғаны еді…» – деп жазды ол.
Журналист 2021 жылы әншінің сұхбатынан анасындай болып кеткен ұстазы Валентина Николаевна Тазекенова туралы айтқанын тыңдап, тегі қазаққа ұқсайтынын байқаған. Кейін ол туралы деректер іздестіріп, ғаламтордан шын аты-жөнін анықтапты.
«Wikipedia-дан «Валентина Николаевна Тазекенова – Бәтима Бөлесімқызы Тазекенова. Орынбордағы Балалар үйіне басшылық жасаған ардақты ұстаз. Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Лунчарский атындағы сыйлықтың лауреаты. «2-дәрежелі Отан алдындағы қажырлы еңбегі үшін» медалінің екі мәрте иегері» деген мәлімет оқыдым. Бірақ ұлты туралы ақпарат кездестірмедім. «Есімі Бәтима, демек, қазақ» деген ойыма беки түстім.
Ғаламтор ақтарып отырып, «2015 жылы 21 қаңтарда ұзаққа созылған дерттен қайтыс болды» деген ақпаратпен қоса, қаншама шәкірттерінің қимастықпен жазған қоштасулары ол кісінің өмірі мен тағдыры туралы тереңірек білуге жетеледі», – деп жазды А.Мұратова.
Ол Тазекенованың бұрын берген сұхбаттарын тауып, Юрий Шатуновқа қатысты айтқан сөздерін жариялады.
«Мен 32 жылдан бері жетім балаларды тәрбиелеп келемін. Бірде-бір шәкіртім милицияның есебінде тұрмады. Барлық түлектер ғылым-білім, өнер, спортқа құштарлығымен ерекшеленді. Үш түлегіміз Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаса, тағы бір түлегіміз Юра Шатунов – халықтың ыстық ықыласына бөленген танымал әнші», – деп айтқан Бәтима Бөлесімқызы.
Журналистің сөзінше, әнші Германияда тұрған кезінде Ресейге гастрольдік сапарлары барысында арнайы Орынбор қаласындағы Балалар үйіне барып, Бәтима Бөлесімқызымен балалық шағы мен балалардың болашағы туралы әңгімелесіп, түрлі кездесулер де өткізген.
Сонымен қатар Юрийдің сұхбаттарынан да анасындай болған Тазекеноваға қатысты пікірі келтірілген.
«Бәтима Бөлесімқызы мен үшін орны бөлек адам еді. Ол маған жылулық пен ана махаббатын сыйлаған жан. Арамызда енді жоқ дегенді ойлаудың өзі жанымды ауыртады. Ол өте мейірімді, адал да таза, теңдесі жоқ жан еді. Бәтима Бөлесімқызының жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін орны толмас қаза. Мен Бәтима Бөлесімқызын мәңгі есімде сақтаймын», – дейді Бәтима ананы жанына ең жақын санаған шәкірті Юра Шатунов.
Шын мәнінде Шатуновты өмірінің қиын кезеңінде бауырына басып, қамқорлығына алып, тағдырын жақсы арнаға бұрған Бәтима Бөлесімқызы оның туған анасындай болған. Юрий Шатунов сұхбаттарында Балалар үйіндегі анам деп жиі айтады.
Журналистің ақпаратынша, 1986-1991 жылдар аралығында бүкіл КСРО халқын елең еткізіп, әнімен еліткен «Ласковый май» тобының да басында Бәтима Бөлесімқызы тұрған. 1985 жылы анасы қайтыс болып, әкесі қамқорлығына алмай жетім қалған 11 жасар Юра Шатуновты далада қаңғып жүрген жерінен құзырлы орындар ұстап алыпты. Білім саласы басшылары, құқық қорғау орындары қаңғыбас ғұмыр кешкен жеткіншектің тағдырын талқылап жатқан кезде Бәтима Бөлесімқызы өзі басқаратын Балалар үйіне тәрбиелеуге ұсыныс жасайды.
Сол сәттен бастап, дала кезген сотқар баланы ерекше қамқорлығына алып, аналық мейіріммен жүрегіне жол тапқан. Шатуновты Балалар үйінің қабырғасындағы хоккей үйірмесіне қатыстырып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге себепші болады дейді. Оған қоса, гитара тартып, ән айтуға құмарлығын байқап, өнерге баулиды. Белгілі композитор Сергей Кузнецовке табыстап, Юра композитордың сүйемелдеуімен ең алғашқы әнін Балалар үйінің акт залында орындаған екен. Сондай-ақ Тазекенова Юра Шатуновқа ғана емес, Балалар үйінде тәрбиеленген қаншама балаға ана болған қазақтың қарапайым әйелі.